24.10.2019, 14:40

Қазақстандықтар азық-түлікті де несиемен алатын күйге жетті

Бұл деген сұмдық қой! Осындай аяқ-қолы несиемен шырмалған сіңірі шыққан кедейлер көбейіп жатыр.

Қазіргі күндері Қазақстанда тұтынушылық несие алушылар қатары артып тұр. Бұл жөнінде ресми түрде жарияланды, деп жазады "Замана" басылымы.

Биылғы жылдың үш айында ғана жұрт банктерден 560 миллион теңге несие алыпты. Соның басым бөлігі той-томалақ пен ас беру үшін алынған екен.

Мұнымен қатар елде азық-түлік бағасы 9 пайызға қымбаттап отыр, инфляция бар. Жұрт күнкөріс үшін несие алуға көшті. Киім, азық-түлік алуға, тіпті дәмханада түстік ас ішуге де несие алады. Ал банктер қарыз алушының оны қайтаруға мүмкіндігі бар ма, жоқ па, оған қарамайды, сұраған жанға ешқандай кепілсіз, не мақсатқа жұмсайтынын сұрамастан бере салады. Өйткені олар осыдан қыруар пайда тауып отыр. Бір адам 50 мың теңге қарыз алса, оны бір-екі айдың ішінде 100 мың теңге етіп қайтаруы керек. Қайтара алмай қалса, үлкен айыппұл салып, қарызға одан бетер батырады, өлдім дегеніне қарамайды, ақшасын еселеп өндіріп алады.

Бүгінде банктерден бөлек, шағын несиелік ұйымдар да қаптап кетті. Олардың қызықтырып, шақырған жарнамасын телеарнадан, әлеуметтік желіден, көшеден, қоғамдық көліктен көресің. Қарызға белшесінен батқан бейбақтарды олар да сүлікше сорып жатыр.

Бұл деген сұмдық қой! Осындай аяқ-қолы несиемен шырмалған сіңірі шыққан кедейлер көбейіп жатыр. Біреулері тығырықтан шыға алмай жынды болып, өліп кетіп те жатыр. Бұл аса қауіпті әлеуметтік келеңсіздік неге ырықталмайды, неге бетімен жіберіліп отыр?

Өзгеден қарыз сұрауды ар көретін қазақтың бетінде бүгін қытық, бойында намыс  қалмай барады. Оның орнын «қатардан қалмау керек» деген жалған намыс, тұрмыс тауқыметі батпандап басып тұр. Мұның соңы қайда апарады? Басшы азаматтар-ау, бір амалын қарастырсаңдаршы!

Т. ТҰРАН.