$ 494.87  520.65  4.91

Әкесіне тіке қарауға бет жоқ

Қара киім киіп тұмшаланып жүретін Нәзираның жат қылықтары күннен-күнге арта берді. Үздіксіз үйден рұқсатсыз шығып кететін әйелінің қылығын түсіне алмаған.
фото: dalanews.kz
фото: dalanews.kz

Еркіннің (мақаладағы кейіпкерлер есімі өзгертілді) мектеп жасынан мінезі біртоға болатын. Сабағы жаман болмады. Әсіресе әдебиетке тым жақындау болып, қойындәптерге  бірдеңе шимайлап жазып жүретін.  Мектеп бітірген соң, қаржылық қиындықтан оқуға түсе алмады. Кәсіптік білім алып, өмір ағысына ілесті. Астанаға барды, Атырауға барды.Қайда нан бар, сол жерден табылды. Атыраудағы  жұмыс барысында біршама достар тапты. Мектеп жасында бір-екі жыл ауыл молдасынан сауат ашқан еді. Санасында қалған саңылау арқылы достары айтқан уағызға түсіністікпен қарады. Басында бәрі дұрыс болатын…

Иманы күшейіп, бұлар өздігінен пікір таластырып қалатын болды. Ауылдан шыққан, қазақы тәрбие алған ауылдың қара баласына біртүрлі тосын әрекеттер байқала бастады. Жүрегі құп көрмесе де, айналасындағылардың діни сауаты басым деген оймен құлақ аса бастады.

Бір күні достары Еркінді иманды қызбен таныстырды. Таныстырудан соң досы Әділ:

- Еркін, қызбен көп кездесуге, көп сөйлесуге болмайды. Арада неке болу қажет. Уақыт созбай некелесіңдер, - деді. Арада неке қиылып, жұбайлық өмір жалғасты.

Ауылға Нәзираны ертіп келген Еркіннің әрекетіне ата-анасы да тосырқай қарады. Екінші ұлының тойын да асқан қуанышпен өткіземіз деген әке көңілі су сепкендей басылды. Даңғаза музыка харам. Қазақы дәстүр бойынша беташар жасау да дұрыс емес. Бұл Аллаға серік қосу болып табылады… Еркін бірте-бірте санасы уланып жатқанын білмеді. Ата-ана көңіліне қаяу түскенін де сезбеді.

…Жас келін ауыл өміріне үйренісе алмады. Себебі оған өзгелермен бір дастархан басында отыру қиындық туғызды. Үйге бөтен ер адам кіріп келсе де, өзінің бөлмесінен шықпай қоятын. Ал енесі жас келіннің жат қылығынан жерге кірердей ұялатын. Жаңа түскен келін көрші-көлем, ауыл-аймаққа сәлемін салып, ас ұсынар еді… Ұлы мен келінінен көңілі қалған Еркіннің ата-анасы оларды Астанаға үнсіз шығарып салды. Осылайша ауыл арасында Еркіннің әйелінің қылығы біраз әңгімеге қалды.

Мұнда да тыныш өмірдың нышаны байқалмады. Қара киім киіп тұмшаланып жүретін Нәзираның жат қылықтары күннен-күнге арта берді. Үздіксіз үйден рұқсатсыз шығып кететін әйелінің қылығын түсіне алмаған Еркін бірде:

- Сенің бұл жүрісің қалай? Күнде жөнсіз қайда бара бермексің? - деген сұрағына:
- Біз сестралар жиналып, иман күшейтеміз. Бұл үшін рұқсат алуға міндетті емеспін. Бұл менің таңдауым!-деген жауап алды. Мешітке бас сұқпайтын, өздері оңаша жиналатын жамағатқа деген Еркіннің күдігі арта түсті.

***
Алғашқы некесі сәтсіз аяқталған Еркін ауылға қайта оралды. Әкесіне тіке қарауға бет жоқ. Астанаға кетерден екі-үш күн бұрын әкесінің жағасынан алып: «Таң намазына неге оятпағансың?» деп масқара қылық жасаған болатын. Әкесі Сәкен де заты момын, ешкімге зияны жоқ шаруа адамы болатын. Ас ішіп болған соң бата жасап, «Қул һуалласын» қайырып жүрген Құдайдың қайырымды бір құлы еді. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын әкесі ұлының оғаш қылығына ләм-мим деуге дәрмені қалмады. Ауыр күрсініп, басын ұзақ шайқап отыра кетті… «Санаң уланған екен, қарағым. Қайта қайырылар ма екенсің?» деген өкінішті сөздері көкірегін тілін кеткендей болды.

***
«Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, балаң жаман болса, жердің асты жақсы» деген рас екен. Еркін екінші мәрте үйленді. Баласы қателігін түсінген болар, енді дұрыс жолға түсер деген әке үміті тағы да ақталмады. Келін жұмсап, көңілім марқаяды деген ананың пейіліне қайта дақ түсті. Бұл жолғы ертіп келген әйелі бетін тірі жанға көрсетпейтін болып шықты. Адам түсініп болмайтын әрекеттері арқылы отбасынан айқай-шу арылмады. Ай толмай ажырасып тынды.

Қателік кімнен? Дұрыс бағытты қайдан алады? «Балам қайтсе қайтадан арамызға қосылады?» деген әкенің көңілі тағы да жарымжан күй кешіп отыр.

Түйін: Өмірдің өзінен алынған осы әңгіме бүгінгі ашық қоғамның дерті болып отырғаны рас. Өкінішке орай, ауылда да, қалада да осындай ащы оқиғалар анық белең алып келеді. Еркін де, Нәзира да қазақтың төл тәрбиесін алған жастар. Бірақ, дінге келгендегі бағыты, айналасындағы достары олардың жан-жағына қарап ойлануына, ақылға келуіне мүмкіндік бермеді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтылмаса керек. Қандай да бір дінге келген жастың дін мамандарынан білім мен бағыт алғаны дұрыс. Бұлай болмаған күнде адасу мен білімсіздікдің құрбаны болмасына ешкім де кепіл емес.

Тұрар Әбуов,
дінтанушы

Abai.kz
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#адасу