Ислам құндылықтарын жеткізуде ұрпақтар сабақтастығы үзіліп қалған. Осындай пікірімен белгілі дінтанушы Досай Кенжетай бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Cарапшының пікірінше, қазақ жеріне ислам өркениетінің келгеніне ондаған ғасыр болды.
«Салафилер мен уахабилер айтпақшы, біз кеше ғана мұсылман болып, таухидті түсінген ұлт емеспіз. Ислам қазақ жеріне 7 ғасырдың соңында 8 ғасырда келген болатын. Тарихқа белгілі әйгілі Атлах шайқасынан соң Ислам өркениетімен сұхбат құра бастадық. Диалогтың аяғы бірігуге айналды. Мәдениет үлкен бір болмыс деп есептесек, мәдениеттің 18 қабатын аралап шықсаңыз да ислам ізін табасыз. Радикалды топтың өлшемдерін қалай анықтауға болады. Болмыстық платформамызға қараймыз, салыстырамыз. Беташарымызға қарсы шығып жатыр. Бұл жерде бір отбасының екінші отбасына сіңу мәселесі көтеріліп тұр. Алланың бірінші сөзі сәлем екені рас. Бірақ, бұл жерде сәлем беру діни емес, дәстүрлі ритуал болып тұр. Теріс ағымдағылар сәлем салуды табыну, иілу, құлшылық етумен идентификациялап жатыр. Бұл экстремистік пиғыл. Біздің мұсылмандық түсінігіміз - қазақ болмысымыздың анықтауышы. Қазақтың мұсылмандығы өзбек, араб, парсының мұсылмандығынан бірде-бір кем емес. Қайта біршама артықшылықтары бар. Біздің қазақтың дәстүрлік нормалары шариғи үкімдермен қатар жүреді. Екеуінің арасында үндестік болған кезде ғана болмысымыз өмір сүреді», - деді маман.
Белгілі дінтанушы қазақтың дәстүрі дінмен қатар өмір сүрген соң ғана осы уақытқа дейін сақталғанын айтты. «Келіннің сәлем салуы, аруақтар туралы көзқарас, мазар туралы танымымыз, рухтың мәңгілігі туралы мәселе аяқ астынан ревизияға ұшырап жатыр. Жастар бірден таң қалды, өз болмыс-бітіміне сенбейтін болды. Өткеніне күдікпен қарайтын болды. Олар тарихын жоққа шығарып жатыр. Бүкіл қазақтың тарихты жоққа шығаруы, уақытта жоққа шығару, кеңістікті жоққа шығаруға апарады. Қазақтың кей жастары топырақты жоққа шығарады. Соғыс болған жер менің топырағым, диярым дейді. Отанын тәрк етіп кетіп барады. Сәләфизмді экстремистік шаблондарына қарап-ақ ажыратуымыз керек. Экстремизм адамға психологиялық тұрғыдан қатты әсер етеді. Адам өзінің «менінен» күдіктене бастайды. Күдіктенген соң дайын шаблондарға барады. Буквалистердің қойған шаблондары қандай дегенге келсек, адам адасады, адам ақылы басты құндылық емес, себебі оған адамның миы жетпейді, адам миы шектеулі, ал ол шексіз әлем. Алла не айтса соны тындау, құлшылықты сезіну, құранда аят қалай айтылса, солай қабылдау керек дегенге келеді. Адам құл болуы керек, болды. Біздің басты кемшілігіміз - жастарға өзінің мұсылмандық негізінің басқалардан кем екенін дәріптей алмай жатырмыз. Діни тәжірибемізді, Фарабиден бастап Мәшһүр Жүсіпке дейінгі аралықта діни білімді жүйелі бере алмадық. Не үшін айтамыз мұны? Менімізді сақтауымыз керек. Болмысымызды сақтауымыз керек. Жаңғыру деген үлкен бағдарлама қойылып жатыр. Бұл жолда өзгерместен жаңаруымыз керек», - деді ол.
Сарапшы діни танымның ұрпақтан ұрпаққа неге толық жетпей қалғанын түсіндірді. «Қазақта «әке көрген оқ жонар» деген сөз бар. Дінге келгенде олай болмады. Аға буын діни тәжірибесін баласына беруге қауқарсыз болып қалды. Себебі өзі де білмейді. Осындай кезде ұрпақтар арасындағы сабақтастықта үлкен трансформация болып жатыр. Жастар алдыңғы ұрпақты мойындамайды. Бұл діни танымнан көрініп жатыр.
Көп жастар діни білімді шетелден, интернеттен алып келген соң, шекесінен қарай бастады. Бұл құбылыстан қорықпай құндылықтық, диалектикалық, қайшылықтарды айту керек. Өзіңнің қойныңнан шыққан балаң таным-білімін басқа жақтан әкелгенде ескімен арада сұхбат болады. Сұхбат әрдайым ортақ немесе қайшы платформада болады. Біз сол кезеңдеміз қазір», - деді дінтанушы Досай Кенжетай.