18.11.2019, 15:00

«Шифоньерге тыға саламын»: әйелінің салақтығынан жолдасы о дүниеге аттанып кеткен

Фото: stuffoholics.com
«Гигиеналық былғаныш затты қоқысқа апаруға еріндім, әрі сол сәтте қонаққа баруға дайындалып, асығыс болдым. Кешке асүйдегі тамақ қалдықтарымен қосып тастаймын ғой» депті.

Ауылда Ақлима деген апамыз болды. Ол кісі көрші әжеймен тату құрбы еді. Көрші әйел Ақлима апаға жиі-жиі келіп, әңгімелесіп, сыр бөлісіп отыратын. Ақлима апа қыз ұзатып, келін түсірген, үлкен шаңырақтың шамшырағын тұтатып отырған елге сыйлы әжей. Көрші апаның да ұлдары үйленген, қыздары тұрмыста. Өзі үлкен ұлымен және келінімен тұрады. Үш немересі бар. Көрші апа бірде Ақлима әжейге мұңайып отырып келініне қатысты мынандай жағдайдан хабардар етіпті.

Ол кісінің келіні Зияш сырт көзге өсек айтпайтын, дөрекі мінезі жоқ, жайбарақат әйел көрінгенмен, жақынырақ араласқан адам былапыттың нақ өзі екенін білетін. Салақ екені сонша, былғанған ішкиімін күйеуінің таза киімдерімен қосып, бір шифоньерге салады екен. Оның бұл әрекетін байқаған енесі «Қарағым-ау, бұткиіміңді ауыстырған соң бірден жуу керек қой. Күйеуіңнің таза киімдері тұратын шифоньерге неге саласың?» десе, «Қайта-қайта жуып отырамын ба? Гигиеналық күндерім келгенде, былғанған ішкиімімді жатын бөлмеде ауыстырып, шифоньерге тыға саламын. Апта соңында кір жуатын кезде, бәріміздің киімдерімізбен қосып, жуамын ғой. Онда тұрған не бар?» дейді екен. Әйел адам ішкиімін күйеуі мен балаларының киімдерімен қоспай, бөлек легенге жуу керегін айтса да келіні қолын бір сілтепті.

Бірде енесі Зияш үйде жоқ кезде ұлына таза жейдесін әперейін деп, олардың жатын бөлмесіндегі шифоньердің есігін ашып қалғанда шошып кетеді. Зияш өзінен шыққан гигиеналық лас заттарды бүктеп, жейделердің қасына қойыпты. Келіні келгенде енесі жеке шақырып алып: «Шырағым, әйел адам жеке бас тазалығын сақтамаса төңірегіндегілерге кесірі тиетінін білмеуші ме едің? Тән тазалығын сақтау қажет, сонымен бірге жеке басыңның былапыт нәрселерін өзгелерге көрсету жай ғана ұят емес, сұмдық зиянды әрекет. Сен өзіңнің күйеуіңнің денсаулығына нұқсан келтіріп отырсың. Түсінесің бе? Оның өміріне зиян тигізіп отырсың, әлгіндей әрекеттеріңмен» деп ақыл айтады.

Бірақ ененің келініне айтқан пайдалы кеңестері айтқан жерінде қалып қояды. «Гигиеналық былғаныш затты қоқысқа апаруға еріндім, әрі сол сәтте қонаққа баруға дайындалып, асығыс болдым. Кешке асүйдегі тамақ қалдықтарымен қосып тастаймын ғой» депті. Осылайша сөз ұқпайтын Зияш зиян жасауын тоқтатпайды. Енесі келінін тазалыққа еш үйрете алмайды.

Көрші апа ешкімге ешқашан қатты ұрсып жекімейтін. Келініне ақылын да жұмсақ үнмен, мәдениетті түрде жеткізген ғой. Оны түсінер келін болсашы?! Ол кісінің мұңын шағар жалғыз жақын абысыны көршісі Ақлима әже еді. «Ұлымның түбіне жететін болды, бұл қатын» деп, көзіне жас алды. «Қайтейін, көргені жоқ салақ қой» деп егіліп отыр» деді бірде ол кісі туралы Ақлима әже.

Көрші әжей тазалығы жоқ келіннен бекер үрейленбепті. Зияштың күйеуі қырыққа да толмаған шағында себепсізден себепсіз, малқораға барып өзіне өзі қол жұмсапты.

Өте ақкөңіл, жайдары жігіт еді. Ат үстінде керемет ойнайтын. Бүкіл ауылдың балалары жиналып, одан ат үстінде трюктер жасауды үйренетін. Сондай марқасқа жігіттің түбіне тазалығы жоқ салақ әйелі жетті дегенді ауылдағы апалар әлі күнге айтып отырады. «Олақтан салақ жаман» деп қазақ бекерге айтпаған ғой.

Дереккөз: alashainasy.kz

Тегтер: лас