$ 494.87  520.65  4.91

«Құранда жазылған сүрелерді неге қазақша оқымасқа!?» - Мұхтар Тайжан

Қазіргі таңда замануи исламизациямен пайдаланып кейбіреулер қазақты шын мәнінде арабтандыруға шақырып отыр. Он ғасыр бойы исламда жүрген қазақты исламмен қайта таныстырғысы келеді. Сонда Яссауи, Бұхар жырау, Бекет, Мәшhүрді жоққа шығаруымыз қажет пе? Жоқ, әрине.
фото: Islam.kz
фото: Islam.kz

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан "Алламен тілдесудің" әр халықта ана тілінде жүретіні жайлы ой қозғап, facebook парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Түйткілді мәселелерді қозғауда азаматтық пікірін ашық айтудан тайсалмайтын ол оқырмандарына «Құранда жазылған  сүрелерді неге қазақша оқымасқа?» деген ой салды. Сондай-ақ, «ауызашар» мен «ифтар» өздерінің мағынасына үңіліп, дүйім жұртты ойлантып қойды.

фото: baribar.kz

«Жай қарапайым пенде ретінде дін туралы кейде ойланасың. Христос еврей болғанымен, мысалы, ағылшындар өз Христосымен ағылшынша сөйлейді, еврейше емес. Сол сияқты, поляктар Христоспен полякша сөйлей береді, испандар - испанша, гүржіндер - гүржінше, венгрлер - өз тілінде. Яғни, Христос адамды кез келген тілінде түсіне береді.

Ал исламда неге адам Алламен тек арабша ғана сөйлеу керек? Алла сонда адамды тек арабша ғана түсінеді ме? Ол мүмкін емес! Алла, тіпті, адамның ойларын біледі емес пе?

Неге біз "Алла ақбар" орнына "Ұлы я мейірімді Алла" деп айта алмаймыз? Жалпы, неге Құранда жазылған сүрелерді қазақша оқымасқа? Сонда мәні барша халыққа айқын болады ғой? Неге Машалланың орнына "Құдайға шүкір" деп айтсаң, ол дұрыс емес деп есептеледі? Ауызашар мен ифтардың айырмасы неде? Мағынасы бір емес пе? Сонда неге бұны қазақша айта бермеске?

Мәселе мынада. Қазіргі таңда заманауи исламизациямен пайдаланып, кейбіреулер қазақты шын мәнінде арабтандыруға шақырып отыр. Он ғасыр бойы исламда жүрген қазақты исламмен қайта таныстырғысы келеді. Сонда Яссауи, Бұхар жырау, Бекет, Мәшhүрді жоққа шығаруымыз қажет пе? Жоқ, әрине.

Біз орыстандыру саясатынан әрең аман қалып, енді арабтандыру саясатына батып кетпеуіміз жөн. Қазақтар Алламен қазақша сөйлессе де Алла бізді ұғады деп сенемін. Өйткені, Алла адамды кез келген тілде түсінеді. Алла біздің жүректерімізде. Ал жүрегіміз қазақ болып қала беру керек» деп жазды ол. 

Мұхтар Тайжанның толғанысқа толы бұл пікіріне желі қолданушылар да бей-жай қараған жоқ.

Атап айтар болсақ, Құдияр Біләл: "Өз тілімізде ғибадат жасай берейік" дейтіндерге тағы да бір ауыз сөз қосайық. Мәселен, бір ұлтты оның тек тілі ғана топтастырады. Сондықтан тіл жойылған кезде ол ұлт та жойылады. Мән берсек, ислам дінінде ғибадат Алланың кәләмі (сөзі) арқылы жасалады. Сондықтан Алланың сөзін алмастырамыз деу таза күпірлікке алып баратындығын ешкім де жоққа шығара алмаса керек. Соған орай, ислам дініндегі ғибадатта бір ұлттың тілі ешқашан қаперге алынбайды. Себебі, ғибадат тілі (ол Алланың кәләмі) барлық ғибадат жасаушыны тіліне, ұлтына, нәсіліне қарамастан бір орта, бір бағыт, бір танымға топтастырады. Ал егер олар діни ғибадатты өз тілдерінде жасаса, дін жойылады. Мәселен, біздің елде 125 ұлттың өкілі тіршілік етеді. Егер біз сол 125 ұлт өкілдерінің де тілін мемлекеттік тіл жасасақ, қазақ ұлты жойылады. Ұғынықтылық үшін "қазақ" ұлтының орнына "ислам дінін" қойсақ жетіп жатыр. Сондықтан кімге де болсын бүйректен сирақ шығарудың қажеті жоқ. Жалпы, ондай түсінік ислам жауларының сан ғасырдан бері жүзеге асыра алмай келе жатқан арман-тілектері», - десе, Мирбол Сандыбай жазба астына: «Әр кәлләда бір қиялдың керісі», - деген жеке пікірін қалдырыпты.

Мысал ретінде келтірген бұл пікірлер - Мұхтар Тайжанның жазбасына көпшіліктің үн қосуының бір парасы ғана. Әйтпесе, оған қатысты қарша бораған пікірлерлердің қатары толастар емес.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары