28.11.2019, 15:45

«Қариялар көбейіп бара жатыр»: БҰҰ шкаласы бойынша Қазақстан – «қарт елдер» қатарында

фото: aikyn.kz
Болжам бойынша, 65 жастан асқан адамдар саны 2050 жылға қарай 7,5%-дан 14,1%-ға дейін, яғни екі есе артпақ.

Қазақстанда бір жылда қарт адамдардың саны 4%-ға артты, ол 1,4 млн адамды құрайды, деп жазады arasha.kz, ranking сарапшыларының қорытындысына сүйеніп.

БҰҰ деректері бойынша, 2014 жылы 65 жастан асқан адамдар саны халықтың 6,8%-ын құраса, 2018 жылдың соңына қарай 7,5% болыпты. Болжам бойынша, 65 жастан асқан адамдар саны 2050 жылға қарай 7,5%-дан 14,1%-ға дейін, яғни екі есе артпақ. Айта кететін жайт, БҰҰ шкаласы бойынша Қазақстан қарт елдер қатарына жатады.

Сарапшылар елімізде өмір сүру ұзақтығы да артуы мүмкін дейді. Егер 2014 жылы өмір сүру ұзақтығы 71,44 жас болса, 2018 жылдың соңында бұл көрсеткіш 73,15 жасқа дейін артқан. Адамның ғұмыр жасының ұзаруы басқа көптеген себептермен қатар, халықтың тұрмыс жағдайының артуына да байланысты деп жазады сарапшылар.

2018-2050 жылдар аралығында 65 жастан асқан бір зейнеткерге жұмыс істеуге қабілетті адамдар саны екі есеге азаяды екен. Егер 2018 жылдың соңында бір зейнеткерге 6,8 жұмыс істеуге қабілетті адам келсе, 2050 жылы олардың саны 3,5 болады деп болжанып отыр. Ал 2014 жылды еске түсіретін болсақ, бір зейнеткерге елімізде 7,5 еңбекке қабілетті адам болған.

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға кеткен бюджет шығыны 26,6%-ға өскен. Соңғы бес жылда – 2013 жылдан 2018 жыл аралығында мемлекеттік бюджет шығыны орта есеппен 14,3%-ға өсті.

Әлемде еңбекке қабілетті адамдардан қариялардың саны артып бара жатқандықтан, зейнетақы жинақтау жүйесіне көшіп жатқан елдер көп екенін сарапшылар ескере кетіпті. Соңғы 20 жылда зейнетақы жинақтау салымдарын белсенді жүргізетіндер саны 20%-ға артқан.

Тегтер: қарт қариялар