29.11.2019, 11:30

«Енді кететіндерге рұқсат жоқ»: халыққа көк тиын пайдасы тимейтін жиындар кімге керек?

фото: Еgemen.kz
Бірі есінеп, көзіне ұйқы тығылып, кірпігі кірпігіне айқасуға шақ қалып отырса, енді бірі смартфонын шұ­қылап, өзге әлемге қиялымен саяхат құрып кетеді. Зейін қойып тыңдаушылар бірлі-жарым.

Бүгінде көпшілік жиын, шаралар «өткізілуі керек, болды» деген қағидамен ғана жұмыс істейтін сияқты.

Көптеген жиындар мен іс-шаралар мынадай форматта өтеді: Сөз сөйлейтін адам көпшіліктің алдында салақұлаш қағазын қоса алып шығады да, содан бас алмай, бір мәнермен баяндама оқиды. Ал қағазсыз шыққандары ұзағынан көсіліп сөйлейді. «Уақыт», «регламент болсыншы» деп отырғандардың арасынан біреу айқай салғанда ғана есін жиғандай болып, сөзін аяқтайды.

Осындайда тыңдаушылардың көпшілігінің жіпсіз байланып отырғанын байқау қиын емес. Бірі есінеп, көзіне ұйқы тығылып, кірпігі кірпігіне айқасуға шақ қалып отырса, енді бірі смартфонын шұ­қылап, өзге әлемге қиялымен саяхат құрып кетеді. Зейін қойып тыңдаушылар бірлі-жарым.

Жиынның жартысына келген кезде адамдар жылыстап шығып кетіп жатады. Қатар селдірей бастаған соң есіктің аузында бір адам «қарауылдың» қызметін атқаруға көшеді. Енді кететіндерге рұқсат жоқ, болмайды. «Аяқталуға аз қал­ды, отыра тұрыңыз» деп есікке жақындағандарды кері қайтаруға тырысады.

Мұндайда студенттерге қиын. Оларды залды толтыру үшін зорлықпен әкеліп отырғызатыны көп­шілікке аян. Жиын біткенде алдыңа түсіп алып, алғашқылардың бірі болып сыртқа шығуға асығатындар да осылар. Шараның аяқталғанына қуанып, қайтып бара жатқан бір адам.

Фото: Хабар24

Әр мекемеде, жер-жерлерде болатын осындай шаралар кімге, неге керек деп ойлаймын кейде. Адамдар тыңдағысы келмесе, одан ешкім өзіне пайдалы ақпарат ала алмаса, бекерге уақытыңды алса, жұртшылыққа айтар ойы, берер құнды ақпараты болмаса, оны не­сіне өткізеді? Тіпті, өткізілуі тиіс бол­ған жағдайда да оны қызықтырақ, тұщымдырақ етіп ұйымдастыруға болмай ма? Баяндамамен басталып, баяндамамен аяқталатын мұн­дай шараларға қатысуға кімнің құл­қы бар? «Қағаздан ғана оқы», «сөй­лесең ұзағынан сөйле», «студенттер қатысуы шарт» деп ешкім ереже ойлап тапқан жоқ қой.

Еліміздегі осы секілді кейбір бұлжымас заңдылықтар мен қатып қалған қағидалар өзгерсе деймін. Тым болмаса, ұзын-сонар сөз сөй­леп, мінберден түспей қоятын әде­тімізді тоқтатайықшы. Бізді құртатын да осы бірізділік пе деп қаламын. Пайдасыз дүниелерден бас тартатын уақыт әлдеқашан жетті деп ойлаймын.

 Осындайда:

«Азарсың, жұртым, азарсың.

Азарыңның белгісі:

Құрамалы, қорғанды үйің болады,

Айнымалы-төкпелі биің болады.

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,

Ай сайын бас қосқан жиын болады», – деген Мөңке бидің сөзі еріксіз еске түседі. Әсіресе, жиын туралы қалай дөп айтылған десе­ңізші!

М. ЫБЫРАЙ.

Дереккөз: Zamana.kz

Тегтер: жиналыс жиын