29.11.2019, 12:00

Жас қыздарды қармаққа түсіргісі келетін еркектерді жеккөрем

фото: Еventagentstvo.com.ua
Құдды біреудің көңілдесі болып барам ба деген ой мазалап, арым тыныштық бермеді.

Алматылық Айнұр есімді бойжеткен өзіне төртінші әйел болуға ұсыныс жасаған адамның ұсынысынан бас тартты. Қаладағы дәулетті тұрғындардың бірі меншігіндегі дәмханада жұмыс істейтін жас қызбен заңды түрде некелескісі келген.

Айнұр (ред.ескертпе кейіпкердің аты-жөні өзгертілген) қаладағы колледждердің бірін аяқтаған. Мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған соң, дәмханалардың біріне даяшы ретінде жұмысқа тұрыпты.

"Күнделікті табысым өзіме жететін. Бір жағынан пысықтығым мен шапшаңдығым да әсер еткен шығар. Кафе қожайыны мені администратор дәрежесіне көтеріп, жалақымды да өсірді. Үнемі жастарға көмектесіп жүретін басшымызға қатты риза едім. Дегенмен, мәселенің екінші жағы аяқ астына қылтия келмесі бар ма.

Бір күні кафе қожайыны мені қымбат мейрамханаға шақырып, сөйлесетін әңгіме барын ескертті. Мен қанша жерден жамандыққа қимасам да, ішім бір нәрсені сезді", - деп бастады әңгімесін Айнұр.

Сол күні бойжеткен кафе қожайынын сыйлағандықтан ғана кездесуге баруға келісім береді. Бірақ, ол өзін қандай "тосын сый" күтіп тұрғанын мүлде білмеген.

"Шынымды айтсам, кездесуге аяғым тартпай, әрең бардым. Сол кезге дейін қаншама жақсылық жасап, еңбегімді бағалаған соң ғана келіскен едім. Өзімді өте нашар сезіндім. Құдды біреудің көңілдесі болып барам ба деген ой мазалап, арым тыныштық бермеді. Ақыры, дастархан басында ол кісі маған сезімін білдіріп, өзіне күйеуге шығуға ұсыныс жасады.

Сенесіз бе, сол сәтте мен өзімді әлемдегі ең бақытсыз жандай сезіндім. Онсыз да үш әйелін асырап отырған еркектің төртіншісінен де дәмелі екеніне қатты ашуландым. Бірден бас тартатынымды айтып, он жерден жағдайымды жасаса да келіспейтінімді жеткіздім. Мүмкін, осылай көтеріліп, табысқа жеткісі келетін қыздар бар шығар. Мен мұндайға бара алмаймын. Менің тәрбием бұған жібермейді", - дейді кейіпкер.

Айнұр бұл қадамы үшін еш өкінбейді. Сол ұсыныстан кейін дәмханадағы жұмысынан да шығып кетіпті. Бүгінде қаржы саласында еңбек етіп жүрген ол ақшасына сеніп, жас қыздарды қармаққа түсіретін еркектерді жек көрем дейді.

"Меніңше, жағдайы жақсы еркектер ақшамен бәрін шешуге болады деп ойлайды. Иә, ақшаға бәрін сатып алуға болатын шығар. Бірақ, қыздар арасында тәрбиесін мен иба-инабатын ұмытпағандар бар деп ойлаймын. Байлығы үшін тұрмысқа шығып, өмірден бақытсыз боп өтетіндер қаншама? Біріншіден, мен сүйген адамымды кезіктіріп, бақытты болғым келеді. Екіншіден, көңілдестің қолдауымен емес, өзімнің адал еңбегіммен нан тапқым келеді", - дейді ол.

Дереккөз: NUR.KZ