9-желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күні.
Соған байланысты өткен апталардың бірінде Түркістан қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің және А.Иассауи атындағы ХҚТУ-дің ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өткен болатын. Сол шарада қазіргі таңда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында полицей болып қызмет атқарып жүрген, форумға арнайы шақыртумен келген Димаш Ниязов сөз сөйледі. Оның қазақ полицейлеріне қатысты айтқан ойлары әлеуметтік желіде жарияланды. Шетелде жүрген қазақ жігіті былай дейді:
«Сөзімді бастамас бұрын өзім туралы айта кетейін. Мен 1989 жылы Шымкент қаласында өмірге келдім. 15 жасыма дейін сонда ата-әжеммен бірге тұрдым. Алты жасымда ата-анам АҚШ-қа кетті. Тоғыз жылдан кейін мен де АҚШ-қа бардым. Ал полицей болу бала кездегі арманым еді. Қазір сол арманым орындалды деуге болады.
Қазақстанда не болып жатқанын жаңалықтардан үнемі бақылап отырамын. Тіпті ондағы жайтты кейбір қазақстандықтардан артық білемін деуге де болады. Бұл – менің Отаным. 15 жылдан бері Нью-Йоркте тұрсам да мен үшін Қазақстанның, Шымкент қаласының орны бөлек.
Бұл елде жемқорлық жоқ деп нанға май жағып, қант сепкендей етіп айтпай-ақ қояйық. Қазақстанда жемқорлық бар. Полиция қызметкерлерінің елге қалай қызмет етіп жатқаны және Қазақстан азаматтарына дөрекілік көрсетіп жатқаны туралы видеоларды көремін. Бұл мен үшін өте өкінішті және ауыр жағдай. Сондықтан әріптестеріме мотивация берейін, жемқорлықты жою үшін ұсыныс-ойлар айтайын деген мақсатпен осында келдім».
Одан кейін Димаш Ниязов шет елдегі құқық қорғау саласында қызмет етіп жүргеніне алты жыл болғанын алға тарта отырып, ол жақта бірде-бір рет пара алу фактісінің орын алмағанын айтады. Олар үшін қызметінің маңыздырақ екенін және менталитеттің өзгешелігін тілге тиек етті. Содан соң қазақ полицейлеріне қарата былай деді: «Пара алу, дұрыс жұмыс істемеу, азаматтарға қоқан-лоққы көрсету сіздер үшін ұят тірлік болып саналуы тиіс. Халыққа бұлай жасау өте ұят. Мысалы, мен бір әйелге дөрекі сөйлесем қалай болады? Ол да біреудің анасы. Сіз полицейдің анаңызбен солай сөйлескенін қалар ма едіңіз? Әрине, қаламайсыз. Біз бәріміз адамбыз, сондықтан бір-бірімізбен адамгершілік қарым-қатынаста болуымыз керек. Сіздер робот емессіздер. Мен елде болған көптеген наразылықтарды көрдім, онда полиция қызметкерлері адамдарды көтеріп алып, автобустарға тоғытып жатыр. Бұл дұрыс па? Робот секілді емес, қарапайым адам секілді ойланыңыздар.
Мен біздің полицияны үнемі қолдаймын. Бізде тәртіп жоқ. Мұнда полиция қызметкерлері өте әлсіз жұмыс істейді. Полицейлер өз жұмыстарын жоғалтып алудан қорқуы керек. Олар халықтан, басшылықтан, мемлекеттен сескенуі қажет. Келісемін, полиция қызметкерлерінің жалақысы аз. Өткен аптада Қазақстандағы телеарналардың бірінде мен мемлекет тарапынан полиция қызметкерлерінің жалақысын көтеру, әлеуметтік пакеттер ұсыну, отбасыларына көмек көрсету секілді ұсыныстар айттым. Біздегі полиция жайлы өмір сүруі тиіс. Бірақ бұл бұрынғыша жұмыс істей беруді жалғастыруға болады деген сөз емес. Ондай жағдайда көптеген адамдарды қызметтен босатуға тура келеді. Содан соң білім мен біліктілік деңгейін де көтеру керек».
Димаш саннан гөрі сапаға көбірек көңіл бөлген әлдеқайда дұрыс екендігін жеткізді.
«Қазақстанда бойынша шамамен 69 мың полицей бар. Ал мен жұмыс істейтін АҚШ-тың бір қаласындағы 15-16 миллион халыққа небәрі 35 мың полицей қызмет етеді. Сөйте тұра ешқандай жемқорлық жоқ. Өйткені полиция қызметкерлерінің сапасы жоғары. Ал Қазақстанда ондай полицейлер жоқтың қасы. Америкада полиция қызметкерінің көлігінде «Әдеп. Кәсібилік. Құрмет» деп жазылып тұрады. Біз осы үш сөзді көлікке мініп-түскен сайын көреміз және осы бойынша жұмыс істейміз. Адамдар боқтық сөз айтып, түкіріп, қолын оңды-солды сермеп жатса да өз-өзімізді ұстаймыз. Себебі кәсіби стандарт болуы керек. Қазақстанда да полицейлердің саны емес, сапасы болуы керек», – дейді ол.
Мұхиттың арғы бетінде жүрген қазақ жігіті осылай деп өз ойын айтты. Дамыған елдің деңгейіне жету үшін бізге әлі қанша уақыт қажет екен?
М. ӘМІР.
Дереккөз: Zamana.kz