2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы қонақүйлер саны бойынша ШҚО, Алматы және Ақмола облыстары көш бастап тұр. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Статистика комитеті хабарлайды,-деп жазды baq.kz.
Тиісті кезеңде Алматы облысында қонақүй қызметтерінің көлеміне Алакөл көлінің курорттық аймағы үлкен үлес қосты.
Есепке сәйкес, Алакөл қонақ үйлері 440 мың келушіге қызмет көрсеткен. 2019 жылдың 9 айында Алматы облысындағы қызметтер көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға төмендеді. 2019 жылдың қыркүйегінде аймақта бір мезгілде 27 мың адамды сыйдыра алатын 540 қонақ үй бизнесімен айналысатын кәсіпорын және жеке кәсіпкерлер тіркелді. 2019 жылдың 9 айында олар 733,7 мың адамға, 8,4 млрд теңгеге жуық қызмет көрсетті.
Жалпы алғанда, 2019 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда 3 630 қонақүй бизнесімен айналысатын кәсіпорын және жеке кәсіпкерлер тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 8,5%-ға жоғары.
Қонақүй объектілерінің ең көп саны Шығыс Қазақстан облысында – 15,6%, Алматы облысында – 14,9% және Ақмола облысында - 11,2%.
Ал, республикалық маңызы бар қалалар арасында Алматы көш бастап тұр – 9,3%, Нұр-Сұлтанда – 5,7% және Шымкентте – 3%.
Бір жыл ішінде қонақүй объектілерінің саны бойынша ең жоғары өсімді Алматы (+28,7%) көрсетті. Өңірлер бойынша ең жоғары өсім Түркістан (+18,3%), Қызылорда (+15%) және Ақмола (+14,3) облыстарында белгіленді.