Қаланы қаңғыбас иттерден тазартуды кәсіп еткен олар жалақыларын алу әбден сарсаңға түсіргенін айтып шағымдануда. Созылып кеткен, айлыққа қол жеткізбеген ел соңында жұмыстан кетіп тынған. Десе де, жұмыс беруші олармен әлі есептеспепті.
Жиналған бұл азаматтар бүгінге дейін қаланы қаңғыған иттерден тазартып келген. Бірі бұл салада 2 жыл жүрсе, ендігісі 1 айға шыдапты. Жалақы уақытылы төленбегендіктен, бір күннің ішінде жұмыстан босауға бекінген. Бірақ, жалақы жөнінен олармен ешкім есеп айырысуға асықпайды екен.
Болат Сатенов, қала тұрғыны:
«Қарашаның айлығын әлі берген жоқ. Былтырлары айлықты 15-20 күнде беретін еді. Биыл 2-3 ай деп кете береді. Сұрасақ, Астанадан әлі жіберілген жоқ дейді. Сол үшін жұмыстан кетіп отырмыз».
Ал қаңғыбас хайуандарды аулайтын қызмет бағынышты болған ауыл шаруашылығы басқармасындағылар ешкімге қарыз емеспіз деп отыр. Сөздерінше, ит-мысық аулауға бюджеттен бөлінген 90 млн теңге жарты жылға жетпеген. Ақша жетпеудің салдары жұмысшыларға тіреліпті. Жауаптылар мәселені бюджеттен тағы 35 млн теңге сұрап шешкендерін айтады.
Сырым Әбдіхалықов, Шымкент қаласының «Ветеренариялық қызмет» мемлекеттік кәсіпорнының директоры:
«Олардың өздері автокөлік, киім табады. Мен тек қана керекті құрал-сайманды беремін. Жақсы ақша төледім. Біз биыл норманы жақсы орындадық».
Бұрынғы басшыларынан оңтайлы шешім алмаған жұмысшылар амалы құрып, еңбек инспекциясына жүгінді. Енбек инспекциясындағылардың айтуынша, жыл басынан бері жұмыс берушілердің үстінен жалақыға қатысты 1200-ден астам шағым түскен. Олардың басым бөлігі - сауда, өндіріс және денсаулық сақтау саласындағы мамандар.
Әлжан Мамадалиев, Еңбек инспекциясының маманы:
«Егер жұмыс беруші жалақыны өз мерзімінде төлемей, кешіктіріп төлесе және олардың өсімпұлын төлемесе, әкімшілік айыппұл төлейді».
Ал қаладағы қаңғыбас хайуандарды аулаған жұмысшылардың қарызы 30 күннің ішінде қаралады. Айта кетейік, жыл басында олар жұмысты 10 топ болып бастаған. Желтоқсанға дейін соның 5-еуі ғана қалған. Осы уақытта Шымкент қаласы бойынша 40 мыңға жуық қаңғыбас ит пен мысықтың көзі жойылған.
Дереккөз: Otyrar.kz