13.12.2019, 16:15

Дәрігердің кінәсінен сәбиімен қатар ішегінен айрылған Айтолқын Үндістанда баспанасыз қалды (ФОТО)

"Ай, Қазақстаным-ай, бізді осылай тентіретіп, өзге елді жағалатып жібергенің қалай?! Еліміздің медицинасының күші жетпейді екен, шетелге жібердің! Енді бастаған ісіңді соңына дейін жеткізсең етті!".

Айтолқын Бекқалиева 28 қаңтардан бері сонау Үндістанда жатыр. Әр таңын қуана қарсы алып, әр түнін үлкен үмітпен өткізіп, еміне шипа күтіп жатыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Өткен жылы ана атанамын деп жүрген Айтолқынның аяқ астынан іші түйіп ауырып, сәбиімен қоса ішегінен айрылып қалды. Денсаулығының асқынғаны соншалық, Үндістанның емханасынан бір-ақ шықты.

Мүрдеден ішек алып салу әлемнің санаулы емханасында жүзеге асады екен. Үндістаннан ем алуына Үкіметтен 118 мың доллар бөлінген. Емханадағы әр айы үшін 6 мың доллар төлейді. Уақыт өте келе, үндістандық аурухана ІІ тобындағы резурс факторы оңға сәйкес келетін донор табу қиын екенін айтып, басқа жолын қарастыру қажеттігін айтыпты. Ондай емхана да табылды.

АҚШ-тың Кливленд қаласындағы емхана Айтолқынға ота жасауға келісіп отыр. Отаның тегін жасалмасы анық. Алдын ала 645 мың доллар, біздің валютаға шаққанда 250 миллион теңгені алдын ала аударулары керек екен. Ал ондай қаражат жұбайы Нұрбек пен Айтолқынның өздері түгіл, зейнеткер ата-анасында жоқ. 

«Елдің бәрі бала-шағасының қамымен жүр. Күнделікті тірліктерінен ауыспас. Ең болмағанда, ақша жинаудың, көп ақша табудың жолын көрсетсе екен», - деп шырылдаған болатын Айтолқын.

Өзге елде пәтер жалдап, оған қоса, ем алып жүрген Айтолқынның басына тағы да ауыр сынақ түсті. Алланың сынағына көндігуге бел байлаған ол бүгін Үкіметке ашу-ызасын жазбасында ақтарып салды. 

Шыдамның шегіне жеткен оларды, сонымен қатар, 3 қазақстандық отбасын тұрып жатқан үйлерінен қуып шығыпты. Сол себепті, Айтолқын жоғары жақтан көмек күтеді.

"Не істейік, айтыңыздаршы?! Бәрін сабырмен жеңуге тырысып келеміз. Шыдамның да шегі бар емес пе?!Кімге барып, ішімізді өртеп бара жатқан ашу-ызаны айтайық?! 

Сәбиіміздің шетінеп кеткені, органсыз қалып, мүгедек болғаным, оған қоса трансплантация жасатуға дейін жеткізген еліміздегі дәрігерлердің кінәсін беттеріне баспадық. Тағдыр мен Алланың қалауы деп сынаққа сабырлылық таныттық. Денсаулық министрлігін түртпектеп жүріп, мені "өлім аузында жатқанмен" тең болған жағдайда Үндістандағы Ченнайда "Аполло" клиникасына мемлекеттік ақша бөліп жіберді. Оның өзінде 11 ай бойы донор күтіп жатқанымыз бекер екені анықталды (алдағы жазбаларында айтылған). 

Енді бүгін нақты себепті айтпастан, тұрып жатқан үйден қуып шықты. Апартаменттің басшысы есік алдында жүрген "боқмұрын" балаларын жіберіп (менеджерлер), "сіздерге үйді босатсын деп жатыр, шетелдіктер (қазақтар) тұрмайды" деген шешім айтты" деді. Нені көздегендерін БІР АЛЛА біледі, бізбен кездесуге бастықтары келмеді. Олармен кездесе алмайсыңдар, шық деген соң шығыңдар деп қуды. Шыны керек, "қазақ" деген тарихта аты үлкен әріптермен жазылған халықпыз деп жүруші ем, үндінің өзіммен құрдас балаларының алдында жер болдық. 

Ай, Қазақстаным-ай, бізді осылай тентіретіп, өзге елді жағалатып жібергенің қалай?! Еліміздің медицинасының күші жетпейді екен, шетелге жібердің! Енді бастаған ісіңді соңына дейін жеткізсең етті! Кеше ғана донор проблемасын ойлап "шақшадай бас шарадай болып" ісіп кетті. Ақ халаттыларымыз іліп берген денсаулығымыздың проблемасын ойлаймыз ба, әлде үнділердің 200-300 мың теңгеге жалдайтын қуықтай үйін қағып, түнейтін жер іздейміз бе?! Киім-кешек, дәрі-дәрмек, ыдыс-аяқ пен тамағымызбен дорба-дорба болып далада қалдық (үш қазақ отбасы)", - деп күйінді ол.

Жазба соңында Айтолқын Асқарқызы билікте отырған жандардан көмек қолын созуды сұрады.