$ 448.56  478.03  4.79

«Ақша еш нәрсеге жетпейді»: шенеуніктер азық-түлік бағасының өсуін тоқтата алмай жатыр

Ескі жылдың соңғы күндері кімнің де болсын шашылуға келгенде тарықпайтын шағы. Бұл психологияны пайда көзіне айналдырғандардың басты көзірі - бағаны өсіру.

Мейрам қарсаңындағы қарбалас құнға кері әсер етуде, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап. 

Алматыда жеміс-жидек пен көкөніс құны күрт қымбаттады. Жаңа жыл алдында пайдасын еселегісі келгендер қалауынша бағаны құбылтуда. Жылда қайталанатын бұл жазылмаған дәстүр көпшіліктің қалтасын қағатыны айтпаса да түсінікті. Ал жергілікті биліктің бұл жолғы амалы қандай?

Ескі жылдың соңғы күндері кімнің де болсын шашылуға келгенде тарықпайтын шағы. Бұл психологияны пайда көзіне айналдырғандардың басты көзірі - бағаны өсіру. Соңғы күндері сөредегі өнім құны шарықтап барады. Жайшылықта 100 теңге тұратын картоп пен сәбіз орташа 30, қырыққабат 40 теңгеге қымбаттаған. 

"Бәрі қымбат. Ақша еш нәрсеге жетпейді. Жалақы көтермейді, аз. Азық-түлік бағасын кішкене түсірсе", - деді Алматы қаласының тұрғыны Пұшынай Айсаева.

"Желтоқсанның басынан бастап бәрі қымбаттай бастайды. Жұрттың бәрі жаңа жылға қарсы көп зат алады. Бәрі қымбаттап кетеді. Қымбат болса да, амал жоқ, бәрін аламыз", - деді Алматы қаласының тұрғыны Айжан Байманова.

Жаңа жылдың басты жемісі атанған апельсиннің құны тіпті 1000 теңгеге таяп қалған. Жүзім бағасы орташа 600-ге маңайласа, алма - кемі 400 теңге. Желтоқсан желінде жан баққан сатушылар бағаның құбылуын қадағалау қолда емесін айтып ақталады. 

"Қымбат қылып береді. Біз көп қоя алмаймыз, аз қоямыз, көшеде тұрғасын. Бес-он теңгеге қымбаттайды ғой жылда", - деді сатушы Гүлшат Тәжібаева. 

Кәсіпкерлердің қомағайлығына алматылық шенділер қарсы амал ойластырыпты. «Баға былай болсын» деп саудагерлерге айта алмайды. Сондықтан қалада 8 әлеуметтік дүкен ашқан. Сонымен қатар, ірі супермаркеттермен күнделікті тұтынатын тауарларды қымбаттатпау жөнінде келісімге келген. 

"Әлеуметтік дүкендерде сатылып жатқан жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы 20-30 пайызға төмен, қаламыздағы бағадан. Істеп жатқан іс-шараның мақсаты, қаламызда жыл сайын жаңа жыл қарсаңында сауда орындарындағы саудагерлердің өз пайдаларын асыру мақсатында бағаны өте көтеріп ұстайды. Сол себептен, осы бағаны қаламызда тұрақты ұстау үшін осындай дүкендер ашылып жатыр", - деді Алматы қаласы кәсіпкерлік басқармасының бас маманы Қанат Кәкен. 

Жыл аяғына дейін Алматыда осындай бірнеше әлеуметтік дүкен ашылады деп жоспарланып отыр екен. Бірақ, бұл құбылған бағаны тізгіндеуге қаншалықты әсер ететіні белгісіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#азық-түлік