Нұр-Сұлтанда қарды уақытында тазаламаған 50 компанияға ірі көлемде айыппұл салынды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілі Ақмарал Олжабай Facebook-парақшасында мәлімдеді.
"Елордада қарды уақытылы тазаламағаны үшін 50 ПИК-ке (басқарушы компаниялар, ЖШС) айыппұл салынды. Жалпы сома 1 млн 187 мың теңгеден асты.
Ағымдағы жылдың қысқы кезеңінің басынан бастап ҚР ӘҚБК-нің 505-бабын ("қалалар мен елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзу") бұзғаны үшін 23 мердігер ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды, айыппұл сомасы - 1 млн 800 мың теңге.
Мысалы, "REM.KZ" ЖШС-не Азия парк СОО-ның маңайындағы аумақты дер кезде қар мен мұздан тазаламағаны үшін 126 250 теңге айыппұл салынды.
Айта кету керек, кеше қаланы қардан тазалау жұмыстарына 1 мыңнан астам арнайы техника мен 1652 жол жұмысшылары жұмылдырылды. 23 желтоқсаннан 24 желтоқсанға қараған түні 24 150 текше метр қар шығарылды (2013 рейс). Барлығы 1051668 текше метр қар шығарылды, бұл - 87 639 рейс" деп жазба қалдырды ол.