25.12.2019, 11:15

Жылы аялдамалар енді уақытпен ашылатын болады

Сол себепті, жаңа аялдамалар жабық.

Атырауда жолаушылар үшін 7 жылы аялдама пайдалануға берілген болатын. Енді бұл аялдамалар белгіленген уақытпен ашылады, деп жазады Atpress.kz-ке сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.

Биыл аялдама павильондарына орындықтар қойылып, электр жабдықтары жүргізілді.

«Аялдамаларда түрлі келеңсіз жағдайлар орын алмас үшін сағат 20.30-07.00 аралығында есігін құлыптауды жөн көрдік. Ал осы жылы жаңадан салынған жылы аялдамалар әлі пайдалануға берілген жоқ. Себебі, реконструкциялау жобасының мерзімі аяқталмағандықтан, мердігер мекемеден теңгерімге тапсырылған жоқ. Тиісінше, әзірге аялдауға қолайсыз. Сол себепті, жаңа аялдамалар жабық. Әйтсе де, келер жылы бұл аялдамалар да халық игілігіне беріледі», - деп хабарлады қалалық ТКШ.

Айта кетейік, биыл ашық типтегі аялдамалар жаңартылуда және аялдама орны қарастырылмаған кейбір аумақтарға арнайы «кармашка» салу жоспарланып, аялдама павильонын орнату көзделген.