Белгілі абайтанушы ғалым Омар Жәлелұлы теледидардағы бағдарламалар арқылы жеңіл әзіл айтып, елді күлкіге қарық қылып, шоу жасап жүргендерді сын садағына алды. Ол Instagram парақшасында "Арсыз болмай атақ жоқ" деген Абай ақынның сөзін жазбасының өзегіне айналдырып, қыздың шашын елдің көзінше қырып тастаған актердың ісін сынады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Қазақ қоғамында ешқашан әзіл-қалжың анайы болмаған. Әзіл-қалжың өмірдің түйткілді тұстарын тарқатып, тігісін жатқызып, қайшылықтарын жұмсартып, өкпе-кірбіңін жуып-шайып, адамның өмір сүруін жеңілдететін. "Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары жүреді" деп топас, тоңмойын, томырық адамдарды сөгіп отырған.
Ал қазіргі қазақ қоғамының айнасы іспеттес теледидардан көрсетіліп жатқан әзілсымақтар "шошқаның мойыны жаман, жаманның ойыны жаман" дегенге келеді. Өздерінің бұл ойсыз әрекетін "бұл - хайп қой" деп ақтағысы келеді. Шаш - қыздың ары, ұяты, қадір-қасиеті. Ертеде жаулар қазақ ауылдарын басып алғанда ең бірінші қыздардың бұрымын кескен екен. Бұрым кесу - қызды қорлау, ал қыз - елдің ары екенін ескерсек, жаулар осы әрекеті арқылы елдің сағын сындырып, ар-намысын аяққа таптайтын. Мұқым елдің көзінше қыздың шашын сыпыру - қазақ қоғамын қорлау, қазақ қоғамында кие тұтатын, қастерлейтін еш нәрсе қаламағанын айғақтайды", - деп елі үшін Жерұйық іздеген Асанқайғының сөзінен мысал келтірді.
Асан қайғы: "Ұлдарың басты болсын,
Қыздарың шашты болсын,
Азаматың атты болсын,
Қыздарыңның емшегі
Найза тесіп өте алмайтын қатты болсын.
Қатындарың қанды келсін,
Қара бура санды келсін!" - деп батасын берген екен. Ал біз не істеп жүрміз?
"Бассыз үйдің иті осырақ" деп, елдің алдына шығып алған сайқымазақтар ойына келгенін істеуде. Оларға "әй" дейтін әже, "қой" дейтін қожа бола ма, ағайын? Қалай ойлайсыз!?" - деп оқырмандарына ойланарлық сұрақ қойды.
Нәтижесінде, көрген көз бен естіген құлақ есебін беріп, желі қолданушылары жеке ойларын жазбаның астына қалдырды.
"Сіз сияқты ата сөзбен жаманның ара жігін ашып беретін ағаларымыз көп болса, осындай сорақылықтарға жол берілмейді деп ойлаймын", "Рас айтасыз, бұл күнде қойға түсінетін қазақ болса ғой, шіркін! Сіз секілді ағаларымыздың сөзін басында миы барлары ғана бір шеттеріне түртіп алар. Ал сайқымазақтың міндеті ешқашан да өзгермейді ғой аға", "Дұрыс айтасыз. Қазір қоғамда тек атақты бол деген бір ой қалыптасып кетті. Әйтеуір ақша тап, әйтеуір "пысық" бол, әйтеуір танымал бол, әйтеуір жылтыр бет "крассавчик" бол, әйтеуір үндемей қалма дегендей...", "Ерсі қылығыңды "өнер" немесе хайп деп ақталып шыға келесің! "Асымызды адалдап ішейік!" деген сөздің мағынасына терең үңілген жөн-ау?!" деп оның пікірін оқырмандары қоштай жөнелді.
Омар Жәлелұлының ойынша, ел алдында ойына келгенді істейтін сайқымазақтардың әрекеті "арсыздық" саналады-мыс.