$ 494.87  520.65  4.91

«Спонсорлар неге мешіт емес, мектеп салып бермейді?» - журналист жазбасы

«Айтпақшы, мешітке келіп жатқан келімсектерді ешкім бақылап отырған жоқ. Қай мазхаб, қай ағымда екені беймәлім. Оны имам да, Иван да тексеріп жатқан жоқ».

Журналист Салтанат Әшірбай facebook парақшасына елордада тағы бір мешіт салынғалы жатқанын жазды. Алайда, ол қала тұрғындары мешіттен гөрі балақша, мектеп, баспанаға мұқтаж екенін, қалталы азаматтардың одан да сол ғимараттардың құрылысына демеушілік жасауы керектігін алға тартты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Елордада тағы да мешіт салынбақшы. Биіктігі – 130 метр, 4 бағаналы болады екен. Құрылысы 2021 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Жалпы, мұсылман болып бетіңді Қағбаға бұрып, жығылып 5 уақыт намаз оқыған дұрыс қой. Бірақ, елімізде соңғы жылдары мешіт салу үрдісі кең етек алды.

Мешіт спонсорлардың ақшасына салынады-мыс деген сыбыс бар. Осы спонсорлар неге балабақша, мектеп, үй салып бермейді мұқтаж жандарға? Өзіміздің Нұр-Сұлтанда балабақшаға кезекке тұрғандардың саны күн санап артып келеді. Ал әлеуметтік тегін үйге мұқтаж көпбалалы аналардың кезегі жыл өтсе де жылжымайды», - дейді Салтанат.

Оның айтуынша, сол салған мешітке жұрт жұма намазда ғана жиналып, қалған күндері қаңырап бос тұрады немесе бай-бағландар ас беріп, ораза күндері тегін тамақ таратады. Сондықтан да «біздің қоғам, жалпы, ақшасы бар демеушілер нағыз мұқтаж жандарға көмек берсе екен» деген пікірде жазба авторы.

Сондай-ақ, ол: «Айтпақшы, мешітке келіп жатқан келімсектерді ешкім бақылап отырған жоқ. Қай мазхаб, қай ағымда екені беймәлім. Оны имам да, Иван да тексеріп жатқан жоқ. Мешітке барып, басқа ағымға кіріп кетіп, ақыры сүйегі Сирияның сахарасында шашылып кеткен «соқыр» қазақтың ұлдары қаншама...», - деген қынжылыс та білдірді.

Жазбаға пікір қалдырған 200-ге жуық адамның көбі журналистті қолдаса, әртүрлі діни ұстанымда екендерін сөз ләмінен аңғартып қойып отырғандар әдеттегідей сөзді «тойхана, түнгі клуб салғанша, мешіттің көбейгені жақсы» сарынында біржақты бұра тартып әкетуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары