14.01.2020, 07:35

Тұрмыстық зорлық-зомбылық ауыл әйелдері үшін қалыпты жағдайға айналған

Қазақстандық әйелдердің 15%-ы күйеуі әйеліне қол кетеруге құқылы деп есептейді. Ал ауылда әрбір бесінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалыпты деп санайды.

«Қазақстанның Әйелдер күші альянсы» мен Дағдарыс орталықтарының одағы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді талап етеді, деп жазады 365info.kz.

Қазақстанда жыл сайын 400-ден астам әйел зорлық-зомбылықтан қаза табады, әрбір үшінші қылмыс әйелдерге қарсы жасалған (37,8%). Сонымен қатар, қазақстандық әйелдердің 15%-ы күйеуі әйеліне қол кетеруге құқылы деп есептейді. Ал ауылда әрбір бесінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалыпты деп санайды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі жаңа түзетулер бойынша, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін ескерту немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қаупі төніп тұр.

Денсаулыққа аса зиян келтірмей, тек дене жарақатын салған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасағаны үшін 10 тәулікке дейін ескерту немесе әкімшілік қамауға алу көзделген.

Алайда, бұл шаралар жеткіліксіз деп есептейді «Қазақстанның Әйелдер күші альянсы» төрағасының орынбасары Азиза Шөжеева.

«Біз өзге шаралар кешенін қабылдауды ұсынамыз. Біріншісі – Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің кешенді жүйесі құрылуы тиіс. Бізге тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауға қол жеткізу қажет. Яғни, ауырлық дәрежесі орташа және одан жоғары, сондай-ақ, жүйелі түрде ұрып-соғып келгені үшін ҚР Қылмыстық кодексінің шеңберінде бап болуы және бас бостандығынан айырудың қандай да бір мерзімі көзделуі тиіс.

Алғаш рет қол көтергенде және ауырлық дәрежесі жеңіл болған жағдайда агрессор құрбаннан аластатылады. Яғни, екеуі бір үйде бірге тұрмауы тиіс. Ол үшін, біз ұсынғандай, балама болуы керек – 15 және одан да көп тәулікке қамауға алу, сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарға тарту. Осы айыппұл мен ескертулердің айналасындағы барлық әңгіме – бос әңгіме, бұл жұмыс істемейді», - дейді ол.

Оның айтуынша, дағдарыс орталықтарының инфрақұрылымы дамуы тиіс. Бүгінгі таңда олардың Қазақстандағы саны – 31. Алайда, Көкшетау, Жезқазған, Семей, Түркістан сияқты қалаларда мұндай орталықтар мүлдем жоқ және әйелдердің баратын жері жоқ, агрессордан балаларымен қаша алмайды.