ШҚО-да Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Григорьев өзіне мемлекеттен жалға берілген пәтер сапасына шағымданып, ашық хат жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Соғыс ардагерінің ашық хаты Денис Данилевскийдің Facebook-парақшасында жарияланды.
Хаттың толық мазмұны мынандай:
«Мен, Григорьев Виктор Иванович, жасым 95-те, Ұлы Отан соғысының ардагерімін, 2-ші топтағы мүгедекпін, еңбек ардагерімін. 55 жылдық жұмыс өтілімім бар. 1985 жылы зейнетке шықтым. Жұбайым қайтыс болған, жалғыз тұрамын. Мекен-жайым: Өскемен қаласы, Көкжал Барақ көшесі, № 13/1 үй, 53 пәтер.
Облыстың шенеуніктерінің табалдырығын тоздырғаныма үш жыл болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мүгедектер мен соғыс ардагерлеріне моральдық, материалдық және тұрмыстық жағдай жасалсын деген еді.Қазір Өскемен бойынша көзі тірі санаулы ғана ардагер қалды.
Тоғыз қабатты тұрғын үйім қағаз картоннан жасалған десе де болады, КШТ-ның тауына салынған. Ол жерде тоқтаусыз қысы-жазы жел соғып тұрады. Бұл үй маған жалға берілген. Маған тиесілі емес пәтерге өз ақшамды салатындай ақымақ емеспін. Желдің салдарынан бұрыш-бұрышта саңылаулар пайда болып, қабырғалары жарылып жатыр. Мұндай жағдай біздің ғана үйде емес.
Түрлі жағдайлар мен осы пәтерге көшіп келген күннен басталды. Менің жүріп-тұруым қиындап, сал болып қалғанмын, аяқ-қолым, белім ауырады. Буындарыма үнемі жақпа май жағып, артынан жуып отырамын. Көшіп келген күні жақпа майды жуып тастайын деп ыстық суды ашқаным сол еді, кран қабырғадан шығып кетіп, ыстық су атқылады. Мен жуынатын бөлмеден шыға алмай қалдым, суды қалай тоқтататынын да білмедім. Үй буға толып кетті. Бөлмеден зорға шығып, жалаңаш күйімде подъезде елден көмек сұрауға мәжбүр болдым. Бас қайғым онымен ғана шектелмеді. Келесі жолы жер асты суының салдарынан үйді қабырғасының дәл жанынан жер ойылып кетті. Орнында үлкен шұңқыр қалды. Ал шенеуніктер болса тұрғындарды өз ақшасына қиыршық, құм, топырақ тасытып, әлгі шұңқырды толтыртты. Әлі күнге дейін үйдің маңында цемент-бетоннан төсеніш жасалмаған. Ал бұл өте қауіпті.
Жалпы тұрғын үйге қатысты айтар кемшіліктер өте көп. Соның ішінде қазіргі таңда ең маңыздыларын атап өтейін:
1. Лоджияға (балкон) шыны салу;
2. Лоджиядағы еденге цемент төсеу.
3. Кіре берісстегі бөлменің қабырғасына киім ілетін ілгектер бекітілмейді.
4. Жуынатын бөлменің қабырғасына еш нәрсе іле алмайсың.
5. Асүйдің қабырғалары да картон секілді жұп-жұқа, шкаф ілінбейді.
6. Тіпті терезе мен есіктерге перде ілу мүмкін емес.
7. Жуынатын бөлмедегеі кран-смесительдер өз орнына орнатылмаған.
8. Темір ванна бекітілмеген, орнынан қозғалып тұр, адаммен бірге аударылып қалуы мүмкін.
9. Орамал кептіргіштер де бекітілмеген, кез келген уақытта жұлынып қалып, ыстық су атқылауы ғажап емес.
10. Розеткалар мен тоқтан ажыратқыштар жұқа қабырғадан жұлынып қала береді.
11. Жер асты суларының салдарынан 9 қабатты үй отыра бастады. Енді нәтижесінде пәтердің есігі қисайып, жабылмай қалған.
12. Пәтердің қоңырауы істемейді.
13. Пәтердің қабырғалары мен төбесін ағарту қажет. Балконның есігі жарылып кеткен. Есікті жөндеу не ауыстыру қажет. Қыс кезінде өте суық.
14. Мұндай пәтерде өмір сүру аса қиын. Ал Ұлы Отан соғысының ардагері, салға айналған науқас, мүгедек жан үшін, тіпті, мүмкін емес.
15. Бұл пәтерді басқа баспанаға ауыстыру керек.
Мұның барлығы халықты алдау деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығына сәйкес, Ұлы Отан осғысының көзі тірі қалған соңғы ардагерлерінің бірі ретінде маған басқа жайлы пәтер беруді сұраймын.
Менің шағымдарымнан кейін құрылысшылар мен қала әкімі мені пәтерден шығарып жіберіп, онда жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруге уәде еткен. Одан бері екі жыл өтті. Осы күнге дейін ешбір жұмыс жүргізілмеген. Қалалық тұрғын үй қатынастары мен құрылыс бөлімінің өкілі менен пәтердің кілтін алып кеткен. Жоғалтып тастапты. Екі жыл бойы пәтер қаңырап бос тұр. Ал мен сол екі жыл бойы оның жалдау ақысы мен коммуналдық қызметтерінің ақшасын төлеп келемін. Сол ақшаны кім қайтарады? Сотқа шағымдану деген біздің елде бос сөз, ешқандай нәтиже бермейді. Халықта сотқа деген сенім қалмады.
Көкжал Барақ көшесіндегі пәтерімді басқа жайлы баспанаға айырбастап берулеріңізді сұрамаймын, мен ТАЛАП ЕТЕМІН!
Қазақстанның заңы бойынша, мүгедектер мен соғыс ардагерлері кезектің алды болып пәтер алуға құқылы».