22.01.2020, 04:10

«5 мың доллар сыйлаймын»: түрік азаматы министр Бейбіт Атамқұловқа халық үшін уәде берді

Министр өзге ел өкілінің қазақ жеріне алаңдаушылық білдіріп, орынды мәселе көтергеніне алғыс білдірді. Бірақ, әлгі 5 мың долларға қатысты ештеңе демеді.

Қазақстанда тұрып жатқан Түркия азаматы Йогурт Селахеттин Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа Алматыдағы Бутаковка шағын ауданында орналасқан су қорғау аймағында мейрамхананың заңсыз салынғаны туралы шағымын жеткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

«Біз Бейсеуов көшесі, 62 үйде 2014 жылдан бастап тұрып келеміз. Бұл заңсыз салынған үй 2012 жылы эксплутацияға берілген. Ал шын мәнінде 2012 жылы біз тұрып жатқан үй де, көршінің үйі де бұл жерде мүлдем болмаған. Мейрамхана салған азамат бұл ғимарат 2012 жылы пайдалануға берілді деп отыр. Әуелде, бұл орында кішентай ғана 1960 жылғы үйшік («избушка») тұрған.

2015 жылы азамат Ж. Шыныбаев су қорғау аймағында тұрғын үй емес, мейрамхана салды. Оның үстіне, оның алып жатқан территориясы – 2 гектардан астам жер толығымен қоршалған. Құжатта мүлдем басқаша көрсетілген. Біз Тұңғыш Президенттің атына да, әкімге және «Нұр Отан» партисына да жаздық, айттық.

Бұл азамат 2 гектар жерді қоршап алып, қарапайым адамдарға сол жерді жалға беріп отыр. Соның есебінен өмір сүріп жатыр. Ол жерден көлікпен өту мүлдем мүмкін емес. Өтетін жер жоқ. Жерді меншіктеп алған», - деп шағымданды түрік азаматы.

Шағымданушы орыс және қазақ тілінде сөйлей алмайтын болған соң, әйелі Гулизар ханым министрге айтқан сөздерін аударып беріп отырды.

Бейбіт Атамқұлов арызданушының мәселесімен танысып болған соң: «Таяқшаны бір сілтеп қалсам, әділдік бірден орнай кетпейді. Мұны біз рет-ретімен, егжей-тегжейлі қарастырайық», - деп, жанында отырған комитет төрағасы Мархабат Жайымбетовтен түсінік беруін сұрады. Ол болса, аталған мейрамхана иесі заң бұзғаны үшін 2016 жылы әкімшілік айыппұл төлеген деп отыр.

«Егер сіздер басышылық етіп, Алматы қаласының әкімдігі сол жерге саябақ тұрғызса, біз 5 мың АҚШ долларын әкімдікке сыйлаймыз. Себебі, бұл – күллі мемлекетке тиесілі жер, халықтың топырағы. Қарапайым адамдар неге бұл табиғаты көркем жерде еркін тыныс алып, демала алмауы керек? Бұл әншейін айтылған сөз емес, мен түрік азаматы ретінде өзімнің үлесімді қосамын. Саябақ салатын болса, 5 мың долларды әкімдікке сыйлаймын», - деп мәлімдеді Йогурт Селахеттин.

Министр өзге ел өкілінің қазақ жеріне алаңдаушылық білдіріп, орынды мәселе көтергеніне алғыс білдірді. Бірақ, әлгі 5 мың долларға қатысты ештеңе демеді.