22.01.2020, 15:40

«Жерді өзара бөлісіп алды»: Сенат депутаты 400 адамды жұмыспен қамтып отырған компанияның жабылуын талап еткен

Фото: Азаттық рухы
Кәсіпкер аудан әкіміне демалыс аймағын да, шаруа қожалығын да босатып бермеген. Көп ұзамай тексерістің түр-түрін көрдім дейді ол.

Жергілікті билік өкілдерінен үмітін үзген бизнесмен уәжін Елбасы мен Президентке жеткізбекші.

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Юбилейный ауылында кәсіпкер Сәбит Сұлтанды танымайтын жан жоқ деуге болады. Ол иелік еткен «Подгорный» шаруа қожалығы кешеге дейін жергілікті тұрғындардың көпшілігін жұмыспен қамтып келген. Алайда, кәсіпкер бұрынғы аудан әкімі – қазіргі сенатор Әбдәлі Нұралиевпен тіл табыса алмай, салдарынан үлкен бизнесімнен айрылдым деп шағымданып отыр.

Бір ауылды асыраған бизнес

Сәбит Сұлтан өз бизнесін тоқсаныншы жылдардың басында шағын шаруа қожалығын ашудан бастаған. «Подгорный» серіктестігі кейін кеңейіп, акционерлік қоғамға айналды. Шаруа қожалығының иелігінде 5 мың бас ұсақ мал, 1 мың жылқы, 2 мың сиыр және 15 мың гектар егістік алқабы болған. Бұдан бөлек, 20 мың гектар мал жайылымы тағы бар. АҚ-да 170 адамның үлесі болса, 400-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Яғни, 400 отбасы дәл осы шаруа қожалығы арқылы нәпақасын ажыратып отырыпты. «Подгорный» қожалығы осылайша 23 жыл бойы жемісті жұмыс істеген.

«Басты жетістігіміз – асыл тұқымды, сапалы бидай өсіре білдік. Сондай-ақ, бидай қабылдау пунктін ашып, тәулігіне 100 тоннаға дейін бидай тартып, жоғары сұрыпты ұнның үш түрін өндірдік. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі біздің қожалыққа келіп, жұмысымызды жоғары бағалап кетті», - дейді кәсіпкер Сәбит Сұлтан.

Тау баурайындағы қожалықта санаторий де бар. Кәсіпкердің айтуынша, демалыс орнына Тұңғыш Президент бірнеше рет атбасын бұрып, демалып кеткен екен. 

«Түніне 15 тонна сүт қабылдап, 30-40 түрлі сүт өнімдерін шығарып тұрдық. Сүт зауытына қажетті қондырғыларды 500 мың долларға шетелден сатып әкелдік. Кейін америкалық технологиямен жұмыс істейтін шұжық зауытын аштық. Шетелдіктер келіп, бізбен 5-6 жылдай жұмыс істеп, технологияны үйретіп кетті», - дейді кәсіпкер.

Шаруасы өрге домалаған кәсіпкер аудан әкімдігінің ғимараты мен мәдениет үйін де салып беріпті. Бірақ, көп ұзамай акционерлік қоғам «күтпеген жерден» банкротқа ұшыраған.

«Бизнесіңді таста да, өзге өңірге көшіп кет...»

100 гектар жері бар санаториді тартып алу әрекеті 2010-шы жылдары басталған көрінеді. Әбдәлі Нұралиев ол кезде Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі болған. Кейін Жамбыл облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы (2012-2015 жж.), Жамбыл облысы әкімінің орынбасары (2015-2017 жж.) қызметтерін атқарған 2017 жылдан қазірге дейін Парламент Сенатының депутаты.

«Ол орынбасарларымен бірге келіп, демалыс орнын 1 аптаның ішінде босатуымды, өзімді басқа өңірге көшіп кетуімді талап етті. Келіспесем жағдайымның қиын болатынын айтты. Менің аталарым бұл жерге басқа өңірден келген, соны бетіме басты. Амал жоқ, облыс әкіміне барып, араша сұрадым. Ондағылар Нұралиевтің сол кездегі ҰҚК басшысы Нартай Дүтбаевтың жақын туысы екенін айтып, бірден бастарын ала қашты», - дейді Сәбит Сұлтан.

Кәсіпкер аудан әкіміне демалыс аймағын да, шаруа қожалығын да босатып бермеген. Көп ұзамай тексерістің түр-түрін көрдім дейді ол.

«Алдымен компанияның қаржылық кемшіліктерін анықтадық деді. Сосын акционерлік қоғам әу баста дұрыс құрылмаған деп, сотқа шағым түсірді. Кейін осы қожалықта жұмыс істейтін адамдардың біріне арыз жаздырып алды, оны да сотқа жолдады. Ақыры сот біздің компанияны банкрот деп тауып, 25 жыл бойы жемісті жұмыс істеп келген қожалықты 25 күнде таратып жіберді. Ал, жерін қазіргі сенатор Нұралиев пен оның бұрынғы орынбасарлары бөлісіп алды», - деп мұңын айтты үлкен бизнесінен айрылып қалған Сәбит Сұлтанов.

Осылайша қожалықта жұмыс істеген 400 адам жұмыссыз қалған. Ал, 20 мың гектар жерге егіліп келген бидайды оруға арналған су жаңа техника тот басып далада жатыр.

«Ауыл шаруашылығын дамыту былай тұрсын, жұмыс істеп тұрған, жүздеген адамды асырап отырған шаруашылықтың тоз-тозын шығарған адамды қалайша Сенатқа депутат етіп сайлайды? Бұл барып тұрған рейдерлік әрекет қой. Сотқа да қаншама рет арыздандым, бірақ оң нәтиже болмады» - деп ашынды бизнесмен.

«Өз басымда бәрі бар, бірақ халық тентіреп кетті...»

Сәбит Сұлтанов бизнесінен айрылып қалдым деп қол қусырмай, жаңасын ашып алғанын айтады. Қазір ол нан және шұжық шығарып, ондаған адамды жұмыспен де қамтып отыр. Алайда, осы шағын компанияма да көз тігушілер бар дейді ол.

«Қазақстанның ауылшаруашылық саласын дамытуға әлі де болса үлес қоссам деймін. Техникамыз жеткілікті, «ҚазАгро» холдингі арқылы 3 миллион долларға лизингпен америкалық техникалар сатып алдық. Бірақ, барлығы бекер тұр. Машина-трактор станциясы қаңырап, гараждар үңірейіп, наубайхананың ойраны шыққан. Өз басымда дүние жеткілікті, маған байлық енді керек емес. Тек мына халық жұмыссыз тентіреп кетті. Ешкімге қол жаймай, тұрғындарды түгел жұмыспен қамтып едік, бір адам бәрінің тоз-тозын шығарды. Обал...» - деп күрсінді кәсіпкер.

Әкім-қаралардан, тіпті соттан да үмітін үзген С.Сұлтановтың соңғы үміті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта екенін айтып отыр.

«Елбасы мені таниды. Шетелге іс-сапарларына өзімен бірнеше рет ертіп барды, сол дамыған елдердің тәжірибесін үйрен деді. Қасым-Жомарт Кемелұлына Премьер-министр кезінде штаттан тыс кеңесші болғам. Ол кісі де менің қожалығымнан хабары бар. Бірақ, екеуі де сол қожалықтың талан-таражға түскенін білмейді, мәселемді сол кісілерге жеткізе алмай жүрмін», - деді Сәбит Сұлтанов. 

Мәселенің мән-жайын білмек болып, ҚР Парламент Сенатының депутаты Әбдәлі Нұралиевке хабарласуға тырыстық. Алайда, сенатордың өзімен тікелей сөйлесудің сәті түспеді. Көмекшісі бастығының уақыты жоқтығын айтып, сұрақтарды жазып жіберуімізді сұрады. 

Дереккөз: Азаттық рухы