27.01.2020, 04:05

«Жаңа жылдың бірінші күнінен бастап ауру тарайды» - екі жыл бұрынғы аян орындалып жатыр (ВИДЕО)

«Мұның емін ешкім білмейді. Бұл – Алладан келген үлкен жаза. Жатқан адам тұрып, дәретханаға бара алмай қалады. Көп жастар ауырады. Бұл аурудың себебін өзге ұлттан, Қытайдан көреді».

Елдің есінде болса, Кенжебек Жақсылықұлы деген кісі 2018 жылдың желтоқсан айында өзіне бір қарияның аян бергенін айтқан еді. Сонда Қазақстанда президент ауысатынын, жаңа жылдың бірінші күнінде ауру тарайтынын, ол ауруға Қытай кінәлі болатынын нақпа-нақ жеткізген-ді.

Бірақ, оған ешкім сенбеді. Көбіміз «жындының сандырағы» деп қабылдадық. Сол айтқан болжамы еске түсіп, видеодан қайта тыңдасақ, шынымен-ақ дәл келіп тұр екен.

Қараңыз, «Ал енді мына көрген түсте үлкен қария келіп айтады, «Балам осы алдыңғы екі айда төрткүл дүние мейрам тойлайды. Барлығы мас болады. Есінен айрылып жүреді. Сол кезде көп қара тудың ішінен бір ақ ту ұстаған адам келеді. Оның келгенін ешкім байқамай қалады. Балам осы түні патша құлайды. Ешкім түсінбейді оның қалай құлағанын...», - деп Кенжебек Жақсылықұлы өзіне берілген аян туралы баяндады.

Уақыттан сәл ауытқу – кез келген болжамға үйлесімді үрдіс. Аян тұрмақ, ауа райын неше түрлі озық аппаратпен секунд сайын қадағалап отырған синоптиктер де бүгін жауатын жаңбырды ертеңге сілтеп, бір аптадан кейін болатын боранды одан арғы аптаға «жобалап» қояды ғой. Ал әлгі аянда «төрткүл дүние мейрам тойлайды» дегені Наурыз емес пе? Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен 2019 жылдың 19 наурызында кетті ғой.

«Балам осы түні патша құлайды. Ешкім түсінбейді оның қалай құлағанын» дегені ше? Назарбаевтың аяқ астынан жасаған мәлімдемесін, Тоқаевтың Сенат төрағалығынан президенттікке топ ете қалғанын расында да түсінбей қалдық емес пе? «Сол кезде көп қара тудың ішінен бір ақ ту ұстаған адам келеді. Оның келгенін ешкім байқамай қалады» дегенді айтам да.

Халық несиесінің көп бөлігі кешіріліп, атаулы әлеуметтік көмек төленіп, көпбалалы аналарға билік біраз жәрдемдесуге тырысып... осынау «жылымық» орнай бастаған сәт емес пе, жаңа президенттің қолындағы «бір ақ ту»?

«Жаңағы мейрамнан кейін әркім есін жиып түсінбейді. Қалай құлады, не құлады деп жатқан кезде билікке таласқан бірнеше топтар бөлініп, бір-бірімен қырқысады. Оны көрген халық көтеріледі», - дейді одан әрі. Мұхтар Әбілязов пен билік арасында талас-тартыс жүріп жатқаны, халықтың көптеп көшеге шыға бергені де өтірік емес. Басқа кландардың да әзір «бір бармағы бүгулі» екені белгілі. Оған кейінгі Айсұлтан Рахаттың сұмдық мәлімдемесін қосып қойыңыз...

«Қазақтың ішіне індет тарайды. Жаңа жылдың бірінші күнінен бастап ауру тарайды. Мұның емін ешкім білмейді. Бұл – Алладан келген үлкен жаза. Жатқан адам тұрып, дәретханаға бара алмай қалады. Көп жастар ауырады. Бұл аурудың себебін өзге ұлттан, Қытайдан көреді. Сонда Алладан келген емші келіп, мен сендерді емдеймін дегенде, ешкім сенбей қояды...». Міне, мәселе!

«2019 жылдың қаңтарында ештеңе болмады ғой» деп арқаны кеңге салсақ, сол індет 2020 жылдың қаңтарында «менмұндалап» шыға келді. Әйтеуір Жаңа жылдың басы болғандықтан, бір жылдың әрісі не, берісі не? Алайда, «Қазақтың ішіне індет тарайды» дегені қорқынышты-ақ.

«Мұның емін ешкім білмейді» және «Бұл аурудың себебін өзге ұлттан, Қытайдан көреді» дегенін қалайша жоққа шығарарсың енді?! Қазір ғалымдар Тибет шыңында шамамен 15 мың жылдан бері жатқан мұздықтан сынама алып зерттеп, ғылымға белгісіз 28 вирусты анықтап отыр. Ғаламдық жылыну салдарынан бүгінге дейін белгісіз болып келген патогендер қоршаған ортаға түсіп, адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін екен.

Ал Қытайдағы пневмония коронавирустың (nCoV) белгісіз түрінен пайда болғаны айтылуда. Алдын ала болжам бойынша, індет жануарлардан жұғуы мүмкін. Бүгінде бұл вирус тек Қытайда ғана емес, Таиланд, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, Ресей, Вьетнам, сондай-ақ, АҚШ, Франция, Канада елдеріне де жетіп үлгерген.

Адам санасына ойды, аузына сөзді Құдай салады дегенді ауызша айтқанымызбен, соған өзіміз сенбейді екенбіз. Әйтпесе, Кенжебек Жақсылықұлын «осырған сиырдай» қылар ма едік? «Мен кезінде 4-5 күн бұрын Польшаның президенті Лех Качинскийдің жаңа жылда құлайтынын айтқам. Түсімде көргем. Ешкім сенбей қойған маған. Сенбі күні тура солай болған», - дейді өзі.

Енді одан әулие жасамақ ниет жоқ, бірақ, айтқаны айдай келді-ау деуге хақымыз бар.

Ерік ЕЛЕУСІЗ