Атырауда қосымша даярлық сабағын өткізетін орталықтар ашқан келіншек 100-ге жуық адамды алдап кеткен, деп хабарлады КТК арнасына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
Көршілес Оралдан келген 26 жастағы келіншек Атырау мен Құлсары қалаларында оқу орталықтарын ашып, оны бір-екі айдан асырмай жауып отырыпты. Ал ата-аналардан оқудың жылдық ақшасын жинайды екен. Енді не сабақ жоқ, не ақша қайтпай сан соққан жұрт прокуратураға келіп айқай шығарды. Өйткені арыз жазылғанымен, істің жылжымай жатқанына наразы.
Ата-аналар өзін іскер әйел ретінде көрсеткен алаяқтың арбауына оп-оңай түскенін айтады. Баласынан ештеңе аямайтын аңғал жұрттың іші-бауырына кіріп, бас тарта алмастай жеңілдіктер ұсынып, бір жылдың ақысын алдын ала алып отырған. Ақыр аяғында тақырға отырып қалған көпшіліктің қолында қазір Аида Мақсұтованың жеке куәлігінің көшірмесі мен суреті ғана бар. Ал өзі жаңа жылдан бастап көзден ғайып болған.
"Ұшты-күйлі жоқ. Телефонның бәрі өшірулі. Жалғыз мен емес, Атырау бойынша көп ата-ананы алдады. Құлсарыда қаншама ата-ана алданды деп жатыр. 2017, 2018-ден алдаған. Менің көршілерім де бар, былтыр алданған. Мен мысалға жеті айға 140 мың теңге төледім, балам тек 1,5 ай оқыды. Маған 115 мың қайтарамын деді. Бірақ ақша да жоқ, Аида да жоқ"
"Сабақ оқытудан бөлек, тамақтандыру, мекктептен алып кету, одан үйге жеткізу бәрі осының ішіне кіреді деген соң бірден келісе кеттік. Бірнеше күннен кейін Аида телефон соғып, 190 мың теңгені бірден төлесеңіз, жыл бойына жеңілдік жасаймын деген соң, бердім сұраған ақысын. Содан балам тек бір ай ғана барды", - деп ашынды Атырау қаласының тұрғындары.
Сенбеске шара жоқ, өйткені оның «Миледи», «Аврора», «Білім академиясы», «Үміт», «Ля мажор», «Айшабибі», «Әлихан» деген оқу орталықтарының тізімі осылай жалғаса береді. Ақыр аяғында тек Атырау қаласының өзінде 200-ге тарта ата-ана сан соғып қалған және олардың басым бөлігі әлі күнге полицияға арыз да жазбаған. Үш жылдан бері осылай елді шулатқан әйелге қатысты қылмыстық іс бес күн бұрын ғана қозғалыпты.
Аршат Тайтуллин, Атырау қаласының прокуроры: - Бүгінгі таңда 17 адамның арызы бойынша алаяқтық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергелу сатысында. Бұл қылмыстық істі жеке өзім бақылауға алдым, тергелу нәтижесі туралы қосымша хабарланатын болады.
Тұрғындар күдіктінің есеп-шотына 160 мыңнан 1 млн теңгеге дейін алдын ала ақша аударып тастаған. Қитұрқы жоспар құрған бикеш кейбір ата-аналарды жаңа орталық ашуға инвестор болуға көндіріпті.
Осылайша жұрттың баласына деп жырымдап жүріп жиған ақшасын жымқырған келіншек бір күнде ұшты-күйлі жоқ болған. Енді тек ата-аналар ғана емес, жалақысын даулаған педагогтар мен ғимаратын жалға берген адамдар да құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып жүр.