Бүгінде еліміздің әрбір азаматын баспана мәселесі алаңдатары анық. Себебі, ауылдан қалаға ағылған халықтың басым көпшілігі пәтер жалдап, жан бағып жүрген жайы бар. Сондай-ақ, жастардың арасында тапқан-таянғанын пәтер жалдауға жұмсайтындардың да қарасы көп. Олардың «мына уақытта пәтер сатып аламын» дейтін нақты жоспары да жоқ, тек арманмен ғана өмір сүріп келеді. Әйтсе де, бір қызығы, елімізде тұрғын үйге байланысты бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асып келеді.
Күні кеше Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Өз үйім» атты жаңа бағдарламаны іске асыратынын мәлімдеді. Банк басшыларының айтуынша, аталған бағдарлама 2022 жылға дейінгі кезеңді қамтымақ. Қазіргі кезде банк жергілікті атқарушы органдармен, екінші деңгейлі банктермен және құрылыс компанияларымен келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. Егер келіссөздер сәтті аяқталса ең бірінші кезекте баспанасы жоқ азаматтар үй алуға мүмкіндік алмақ. Мәселен, осы жылы «Өз үйім» бағдарламасы бойынша 350 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Ал, бағдарлама аяқталғанға дейін бұл көрсеткіш 1,5 млн шаршы метрге жетеді.
Бір қарағанда «Өз үйім» бағдарламасының бірнеше тиімді тұстары бар секілді болып көрінеді. Мәселен, пәтер алу үшін бұрынғыдай Алматы мен Астана қалаларында кемінде екі жыл тұрақты тіркеуде тұрудың қажеті жоқ. Сондай-ақ халыққа берілетін несиенің жылдық пайызы 5-тен 10 пайыз аралығында болмақ. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында халыққа берілетін пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны 180 мың теңге көлемінде бекітіліп отыр. Әрине, теңге құнсызданған шақта пәтердің әр шаршы метрі 180 мың теңге болуы құптарлық нәрсе. Алайда, қазір тұрғын үйге байланысты шыққан бағдарламаларға халықтың сенім аз болып отыр. Сондықтан да «Өз үйім» бағдарламасынан қараша халық өз үлесін ала алама? Бұл жағы белгісіз.
Белгілісі пәтерге деген сұраныс қарапайым халық тарапынан жоғарыламаса кеміген жоқ. Алайда, бұл мәселені шешуде бірнеше жылға кешігіп қалдық. Бұл белгілі экономист Жанкелді Шымшықовтың пікірі. Оның айтуынша, пәтер мәселесін шешуде жең ұшынан жалғасқан жемқорлық кедергі келтіріп отыр.
– Жалпы елімізде баспана салуда ешқандай бөгет жоқ. Мәселен, өткен жылы елімізде тұрғын үй салу 18,9 пайызға өскен. Оның үстіне қазіргі таңда ұсыныстан қарағанда сұраныс жоғары болып отыр. Алайда, халықтың пәтер құнын бірден төлейтін қаржысы жоқ. Ал, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мен мемлекеттік бағдарламалар халыққа тиімсіз болып отыр. Бұл бір. Екіншіден, пәтер алуда сыбайлас жемқорлықтың әсері елеулі рөл атқарып жатыр. Нақтырақ айтсақ, пәтерге мұқтаж адамдар емес, баспанасы бар адамдар үйлі болып жатыр. Негізі Үкімет еліміздегі тұрғын үй мәселесін шешу үшін дер кезінде қимылдауы керек еді. Өйткені ол кезде қазіргімен салыстырғанда қаржы мол болатын. Ал, қазір «әттеген-ай» дегеннен басқа ештеңе қолдан келмей тұр, – дейді Жангелді Шымшықов.
Сондай-ақ ол пәтер мәселесін шешудің бірден-бір жолы ретінде қараша халыққа жер үлестіріп беру керек деген ойын жеткізді. Өйткені, Конституция бойынша еліміздің әрбір азамат 10 соттық жер телімін алуға құқылы. Егер де осыны мәселені жүзеге асыратын болсақ тұрғын үй мәселесін оп-оңай шешіп алар едік. Алайда, әкімдіктер инфрақұрылым мәселесі шешілмей тұрып жер беруге қарсы болып отыр.
Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша, құрылыс жұмыстарының көлемі 472 млрд теңгені құрап, 1 млн 759 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Аталған көрсеткіш елорда тарихындағы ең үздік көрсеткіш. Бұған қоса, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі өткен жылғы көрсеткіштен 146 пайызға артық. Алайда еліміздің ірі қалаларында баспанасыз жүрген халықтың қарасы азайар емес. Ал мұны шешуі тиіс Үкіметтің бағдарламалары көңілге үміттен гөрі күдік ұялатып отыр.
С.АСЛАНБЕК