02.03.2020, 02:15

«Қарны ашқан шығар деп ойладым»: ақтаулық оқушы планшетке жинап жүрген ақшасын қайыршыға берді

«Менің қызымның істеген жақсылығы туралы әлеуметтік желілерде көріп, таңқалдым. Бірақ, бүкіл Қазақстанға тарап кетеді деп ойламадым», - дейді анасы.

Ақтаудағы тоғыз жасар қыздың мұқтаж адамға көмек көрсеткені дүйім жұртты сүйсіндірді. Сабина Ерғалиқызы сөмкесін жерге қоя салып, әмиянынан ақшасын алып, мұқтаж жанға берген сәтінде түсіріп алған видео желіде тарап кетті. Сабина өзіне планшет сатып аламын деп жинап жүрген ақшасынан бергенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz, «Информбюроға» сілтеме жасап.

Сабина Ақтау қаласының №5 орта мектебінде оқиды. Ол көше бойында тұрған кісіні жиі көреді екен. Ылғи мұқтаж күйде көргендіктен, еш жасқанбай, қайырымдылық жасауға бел буыпты.

«Мен ол кісіге ақша бердім. Өйткені, оның қарны ашқан шығар деп ойладым. Мен ол кісіні күнде көремін. Сосын мен одан қорықпаймын», - дейді Сабина Ерғалиқызы.

Сынып жетекшісінің айтуынша, Сабина тәртіпті, сабақ үлгерімі жақсы оқушылардың қатарында. Көп ішінен қолындағы барымен бөлісетін ақкөңілділігімен көзге түскен.

«Менің қызымның істеген жақсылығы туралы әлеуметтік желілерде көріп, таңқалдым. Бірақ, бүкіл Қазақстанға тарап кетеді деп ойламадым. Өте қуаныштымын, мақтанамын. Негізі мен берген ақшаларын жаратпай, планшетке жинап жүрген. Сол ақшаны жағдайы мүшкіл адамға бергісі келіп шешкен екен», - дейді анасы Динара Қарабалина.