Ақтөбеде жамап-жасқалған асфальт жыл сайын ойылып, қармен қоса еріп кетіп жатыр, деп жазады Zakon.kz.
Оны жаңалауға әкімдіктегілер асығатын емес.
Базыналарын шенділерге жеткізе алмай, амалы құрыған автокөлік жүргізушілері сапасыз жолдың кесірінен тартқан азабын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жарыса жариялап жатыр. Одан нәтиже шықты ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Азамат Боқаев бірнеше күн бұрын көлігінің бірден екі дөңгелегін жолдағы шұңқырға соғып жарып алғанын айтады. Оған жолдағы шоқалақтар мен жөндеу жұмыстарына бей-жай қараған жолға жауапты шенеуніктерді кінәлайды. Әрі еріген қар суымен байқалмайтын шұңқырға көлігімен түсіп кеткен жалғыз Азамат емес. Тағы екі жүргізуші зардап шеккен. Олар дереу жол полицейлерін шақырған.
"Бәрі заң бойынша схема толтырып, протокол толтырып, схемасын барлығын сызды. Бірақ бізге әлі ешкім көрсеткен жоқ. Таныстырған да жоқ. Міне, мынаумен келісесіз бе, қол қоясыз ба деген жоқ. Қалалық әкімдіктің тарапынан да іс-әрекет болған жоқ", - деді қала тұрғыны Азамат Боқаев.
Жолдың жайын сұрасаң, жүргізушілер жыларман күйге түседі. Өйткені, қар суы шайып, шұрық-тесік болған асфальт кімді болса да әбден діңкелетіпті. Қаланың сыртын айтпағанның өзінде қақ ортасындағы кейбір көшелердің жағдайы әлі де мәз емес. Қырық жамау жолдың тоз-тозы шыққан. Амалсыздан көліктер айналып өтіп жатыр.
Ақтөбелік көлік жүргізушілерінің жүйкесін әбден жұқартқан Сәңкібай батыр даңығылының жолы. Жол бойында тереңдігі 20-25 см болатын шұңқылар бар. Мұндай шұңқырды даңғылдың бойынан көптеп кездестіруге болады. Жыл сайын жамап-жасқайды. Бірақ, соның өзінде қар суымен еріп кетіп жатыр.
Жалпы жергілікті бюджеттен жамап-жасқау жұмыстарына 132 млн теңге қарастырылған. Атқамінерлер бірақ мұның пайдасы шамалы екенін растап отыр. Өйткені, жолдың проблемасын шешу үшін толықтай асфальт жабындысын ауыстыру қажет екен.
Жылда атқарушы билік асфальтты тақтайдай етеміз деген мердігерлерге қазынадан қырауар қаражат бөледі. Алайда, халық жол салатын компаниялар сападан бұрын табыс табуды ғана көздейді деп отыр. Оны жөндеп болған жолдарына қарап байқау қиын емес екенін айтады.
"Сапалы жол әрине, біріншіден, жол құрылысы материалдарына байланысты. Оның ішінде фракционный отсев, соның бәрі нормативті құжатқа сәйкес болуы керек. Өзінің талаптары болады. Мысалы, қиыршық тастың сараптамалық беріктігін анықтаған кезде кейде 800 марканы көрсетуі мүмкін. Ол кейде сәйкес келмейді", - деді "Ұлттық жол активтері сапасы орталығы" РМК Ақтөбе бөлімшесінің зертхана меңгерушісі Нұрхат Балғабаев.
Орталықтағылар қаладағы жолдарды тексеруді әлі бастамаған. Өйткені қалалық әкімдік мекемемен келісімге де отырмапты. Ал жолды жөндейтін мердігерлер сәуірге дейін құрылыс материалдарының 70 пайызын дайындап болуы қажет. Әкімдіктегілер ағымдық жөндеу жұмыстарын әзірге тек 2 мердігер жүргізіп жатқанын айтты.
"11 мөлтек аудандағы жол өткелінде түнгі мезгілде салқын асфальт материалы қолданылады. Сонымен қатар, ашық конкурс байқауының нәтижесі бойынша, осы ағымдағы жөндеу жұмыстарына 6 мекемемен келісім-шарттарға қол қою жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектер меңгерушісі Данияр Аймағамбетов.
Жолдың жайын білетіндер айтқан "салқын асфальт" әдісінің тиімділігін біз де бақылап көрмек болдық. Жуырда ғана 11-шағын аудан маңындағы көпірдің жолын жөндеуде сол әдісті пайдаланған екен. Нәтижесі өздеріңіз көріп тұрғандай.
Шенеуніктер мердігерлерге ісін шала-шарпы атқаруға жол бермейтіндерін айтудан жалықпайды. Сапасы сын көтермесе, қайта жөндетеміз, дейді. Ал қарапайым жүргізушілер нәтижесін көрмедікке салады. Жолға деп бөлінетін миллиардтардың биыл қай мақсатқа, қалай жұмсалғанын көру үшін келесі көктемді күтуге тура келеді.