Қыздарды тауарға, маркерге теңеп пікір айтамын деп көпшілік тарапынан қатты қарсылыққа тап болып, ауыр сынға ұшыраған белгілі абайтанушы Омар Жәлел қазіргі аудиторияға лайық сөз айтпағанын қынжылыспен жеткізді. Яғни, қазақтың қоғамдық санасы әлі де шындықты дұрыс қабылдай алатын деңгейде емес екен, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Аса құрметті қазақ арулары! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Егер сіздердің арларыңызға тиетін сөз айтсам, баршаңыздан кешірім сұраймын! Менің бар айыбым – қазақша сөйлеп, қазақша ойлағаным. Бірақ, көпшілік қазақша ойлаудан кетіп қалған екен, мен соны білмеппін, бәрі түсінеді деп ойлаппын. Сол үшін де сіздердің алдарыңызда айыптымын.
Ал мәселенің байыбына бармай, менің сөзімді бұрмалап, ақ жағынан емес, қара жағынан көрсетіп жатқан бауырларымызды Алла Тағала тура жолға салсын! Ең бастысы, қазағымыз аман болсын! Қазақ өсіп-өніп, ата-бабаларымыздан қалған ұлан-ғайыр жерді саналы, есті, парасатты ұрпақпен толтыруды нәсіп етсін! Әр қазақтың қызы мұратынан айнымай, бақытты болсын!» деп жазды facebook парақшасына Омар Жәлел.
Бұл ретте, желі қолданушылар ғалымның бәрін өз орнымен айтқанын, ол үшін әйелдерден кешірім сұрауға міндетті емес екенін жазысуда. Әрине, көп арасында «қазақша ойлаудан кетіп қалғандар» да өз бетінше өзеуреуден танбады.