Қауіпті вирустан қорыққан алматылықтар жаппай имамдарға ағылып жатыр. Олар «Құран сүрелерін оқып, дем салғызса, әлемге жайлаған дерт өздеріне жұқпайды, жоламайды» деген сеніммен келеді. Ал мешіт қызметкерлері жамағат азайса да, сақтану мақсатында шипа дұғаларын оқыту үшін келетін адамдар күрт көбейгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.kz.
«Имамдар сақтық шараларын түсіндіріп жатыр. Соңында принтерден шығарып қойған мынандай дұға жазылған қағаздарды өзімізбен бірге әкетіп, оқып жүруге кеңес берді. Сенімге де байланысты. Сеніммен оқыған соң, «маған ауру жұқпайды» деп сенесің де, шапқылап жүре бересің», - дейді көк қағаздағы дұғаның бірін жанынан тастамай оқып жүрген жазушы Жәди Шәкен.
«Вирустан, аурудан, бәледен сақтайтын дұға» деп көрсетілген жарты беттік көк қағазда Құран сүресінің арабша, кирилше оқылуы мен қазақша мағынасы қоса жазылған. Алматыдағы Орталық мешіттің наиб имамы болса, исламда аурудан қорғайтын және кеселден жазатын сүре мен дұғалардың көп екенін айтты.