$ 494.87  520.65  4.91

Тойханаға алдын ала ақша төлеп қойғандар ақшаларын қайтара алмай әлек

Алыс-жақыннан келетін 220 адамның басын қосуды жоспарлаған жігіт Президенттің қаулысынан кейін ойынан еріксіз айнып, тойды кейінге шегеруге мәжбүр болады.
Фото: 2ГИС
Фото: 2ГИС

Тапсырыс берушілер тойханаларға алдын ала төлеген ақшаларын қайтара алмай жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Тұрғындар көрсетілмеген қызмет үшін ақша ұстап қалған тойхана қожайындарының әрекетіне наразы.

«Алматыдағы  Astana Plaza мейрамханасына наурыздың 23-і күні тұсаукесер той жасаймыз деп дайындалдық. Қонақтарды да шақырып қойған едік. Мейрамхананың әкімшілігіне алдын ала ақша төледік. Бірақ төтенше жағдайға байланысты той өтпейтін болды. Жағдайды түсіндіріп  айтып едік, ақшамызды толық қайтармады. Бастапқыда барлық ақшаны қайтармаймыз деген, кейін елу  мың теңгемізді ұстап  қалды», - деп шағымданды өзін Сәуле Мұқанова деп таныстырған алматылық тұрғын.

Қанат Кигізбаев есімді азамат анасының 80 жылдық мерейтойын 4 сәуір күні атап өтпек болған. Алыс-жақыннан келетін 220 адамның басын қосуды жоспарлаған жігіт Президенттің қаулысынан кейін ойынан еріксіз айнып, тойды кейінге шегеруге мәжбүр болады. Бірақ тойхана әкімшілігі алдын ала кепілге төленген 300 мың теңгені «Біздің кінәміз жоқ» деп қайтармаған. 

Табыстан асабалар да қағылып жатыр. Он жылдан бері асаба болып жүрген Айбек Нұрқасымның сөзінше, наурыз – той айы. Оның сөзіне сенсек, асаба жігіт аптасына кемі екі тойды жүргізеді екен. Бірақ қауіпті індеттің таралуы той жасайтын адамдардың көңілін су сепкендей басқан.

Ал мейрамхана иелері болса алдын ала төлеген ақшаның толық қайтарылмауын азық-түліктің сатып алынуымен түсіндірді. Жыл бойы той өткізетін орталықтар жағдайларының  күрт «қиындап» кеткенін айтады.

«Наурыз айында той көп еді. Біздің мейрамханада 15 шақты той өтуі керек болған. Тойға тапсырыс бергендер карантиннен кейін той өткізуден бас тартып жатыр. Азпазшылар, даяшылар, техникалық қызметкерлердің бәрін қосқанда, 20-дан астам адам жұмыс істейді. Мейрамханалар кірісті тойдан табады ғой. Енді міне, нөл болып отырмыз. Бәрінің несиесі бар. Той иелерінің ақшасын қайтаруға тырысамыз, қаншама азық-түлік алып қойған едік. Үкімет өтемақы жағын қарастырса», - дейді Astana Plaza мейрамханасының әкімшісі Маржан Әріпова. 

Ал жағдайымыз қиын деген Қазақстан қонақүйлері және мейрамханалары қауымдастығы көмек сұрап, Үкіметке арнайы хат жолдады. Қауымдастықтың президенті Рашида Шайкенова қол қойған хатта бизнестің бұл түрін субсидиялауды сұраған. Сондай-ақ, қонақүйлерді жылдың аяғына дейін салықтан босатып, несиелік өсімпұлдарды алып тастауды және коммуналдық төлемдердің тарифін төмендетуді де талап еткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#мейрамхана