22.03.2020, 23:55

«Абайдың өзі бірнеше қызды бүлдіріп тастаған. Қыз Жібек те қыздай тимеген» - Анна Құдиярова

фото: youtube.com
«Қазақ ұлты психология деген ғылымсыз да жан-дүниесіне терең бойлаған ұлт. Абзалы, Абайды кінәлап, Жібекті қозғамаңыз», - деді оқырман.

Қазір әлеуметтік желілерде елімізге танымал психолог, білдей бір Психоанализ институтының директоры Анна Құдиярованың кезінде отандық БАҚ-қа берген сұхбаттары қайта «жаңғырып», қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әсіресе, оның Caravan.kz-ке берген сұхбаты сұмдық. Сайт тілшісінің «Азаматтық некені қолдайсыз ба? Азаматтық неке қазақта болмаған ғой...», - деген сұрағына ерекше елең ете қалған. Қараңыз...

«Қалай қазақта болмаған? Болған. Ұрын күйеу деген қазақта бар. Абайдың өзі біренеше қызды бүлдіріп тастаған. Ұялмай, талай қызды пәктігінен айырған. «Абай жолын» оқып таңқалғанмын. Абайдың жастық шағы туралы жазылған кітабын оқысаңыз, ұрын күйеу туралы жазылған. Қыз Жібек те қыздай тимеген. Бірақ, оны бәріміз жақсы көреміз. Мақтан тұтамыз. Шариғат келгеннен кейін ғой, пәктік деген ұғым пайда болғаны...», - деп «айды аспанға бір-ақ шығарған», психолог ханым.

Сұхбаттан осы сөзін үзінді етіп алған facebook белсенділері оның «артық қыламын деп тыртық қылғанына» өкпелі. Тіпті, оның қисыннан қиыс кеткен сөздерін былайша түзетіп те қойды:

«Анна ханым, ұрын келу мен қазіргі азаматтық некені шатастырмаңыз. Сіз оқыған «Абай жолын» біз де оқығанбыз, Әуезов «Абай бірнеше қызды бүлдірген» дегенді жазбаған. Ол Алланы хақ деп таныған адам болған. Қай сөзін алсаңыз да оған дәлел. Яғни, сіз айтқан іске бармауына соның өзі дәлел. Ислам діні бізге сонау VІІІ ғасырда енген. Шариғат заңы да сол кезде келген».

«Қазақ ұлты психология деген ғылымсыз да жан-дүниесіне терең бойлаған ұлт. Абзалы, Абайды кінәлап, Жібекті қозғамаңыз».

«Ұрын бару дегеніміз – жігіт пен қыздың әке-шешелері уәделескен соң жігіт қасына өзінің жақын досын ертіп қыз ауылына барады. Оларды отауға кіргізіп, сый-құрметпен қарсы алатын болған. Онда да қыздың қасында құрбылары, үлкен жеңгелері болған. Олар ерлі-зайыпты атанған соң ғана жақындасқан. Баршаға мәлім, «Қызға – қырық үйден тыйым» деген сөз бар. Ата-ана өз қызын көзінің қарашығындай сақтаған».

«Ұрын күйеу» емес, «ұрын бару» деген салт болған».

«Шариғат келген соң пәктік пайда болды» дегеніңізге жол болсын! «Абай жолын» шынымен оқыған болсаңыз, Абай да, оның әкесі де шариғатпен өмір сүрген. Шариғат сол кезде болған».

Келтіре берсек, көпшілік тарапынан айтылған мұндай мысалдар аз емес. Алайда, алдымен «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген мәтелді ескеріп алмаған Анна ханым, ұлы Абай мен Қыз Жібекті нәпсіқұмар етіп қоймас бұрын қазіргі ажырасудың себебін де қазақтың сөз мәйегі – мақал-мәтелдерінен іздеген болатын.

«Ел арасына көптеп тараған аңыздар тұрақсыз отбасы немесе ажырасу идеясының іргетасын қалайды» деген ол, «Радиоточка» радиосына берген сұхбатында жоңғар мен қазақтарға қатысты оқиғаны баяндап берген.

«Жоңғардан қазақ келіншегі қашпақ болады. Бірақ, мінетін ат біреу-ақ, ал қасында ұлы, күйеуі және ағасы бар. Сонда әлгі келіншек «ұлды әлі де туып алам, күйеуді тауып алам, ал ағаны таппаймын» деп ой түйіп, таңдау жасайды», - деп өз ойын бір қайырған психолог, «Бала – белде, қатын – жолда» деген мәтелді «ажырасу психологиясын қалыптастырушының нақ өзі» дегенге келіп тіреледі.

Осылайша, ата-бабаларын зинақор, қит етсе ажыраса салғыш етіп көрсеткен Анна ханымға өзі айтқан «Қатын – жолда, бала – белде» аясынан шығып, «сәл көзін ашуды» меңзеген оқырмандар да көп. Ұлтымыздың отбасы құндылығына байланысты «Барған жеріңе тастай батып, судай сің», «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» дегендей өнегелі сөздерін де оқи жүруін, көңіліне тоқи білуін ескертіп қойды.

Сонымен қатар, көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандар психолог маманның есіне ата-бабаларымыз жастарын ажырастырып қойып қарап отырмақ түгіл, ері өлген әйелді де отбасынан алыстатпай, «әмеңгерлік» деген дәстүр бойынша жақын ұстағанын салып қойды.