25.03.2020, 06:05

«Кет, COVID-19!»: қарағандылықтар ерекше маскалар тіге бастады

«Адамдар қайырымды, сабырлы және жақсы көңіл-күйде болуы үшін еңбек етіп жатырмыз», - дейді тігіншілер.

Қарағанды облысындағы Абай қаласының тігіншілері «Кет, COVID-19!», «Деніміз сау болсын!» және басқа да ерекше жазулары бар маскалар тігуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қиын кезеңде өз-өзімізді сабырға келтіріп, оптимизмді сақтау өте маңызды. Абай тігін фабрикасының шеберлері жетекшілері Ирина Малюкпен бірге осындай ұстанымда.

Кәсіпорынның барлық тігіншілері үйде отырмай, көп рет қолданылатын маскалар дайындауда. Ол үшін дәке, шыт немесе бөз матасын – бір сөзбен айтқанда, 100% мақта матасын қолданады. Бұл маскаларды жууға және үтіктеуге болады.

«Біздің тапсырыс берушілеріміз – зауыттар, құрылыс компаниялары, наубайханалар, медициналық мекемелер, облыс тұрғындары. Бетперделерді негізгі тапсырыстармен қатар дайындаймыз. Сондықтан олардың саны аз – күніне 2 мың данадан 4 мыңға дейін ғана», - дейді Ирина Малюк.

Өз-өздерінің және басқалардың көңіл-күйін көтеру үшін фабрикада ақ немесе қара маска ғана емес, көңілді аппликациялар, кесте, позитивті жазулар тіге бастаған.

«Адамдар қайырымды, сабырлы және жақсы көңіл-күйде болуы үшін еңбек етіп жатырмыз», - дейді тігіншілер.