$ 514.65  544.6  5.17

«Біліксіз әкімдер халықты шаршатты»: Алматы облысында карантиндегі саяжайлықтар шу шығарды (ВИДЕО)

«Алматы облысының әкімі Баталов Амандық Ғаббасұлы мырза, не қарап отырсыздар? Әулие әкімдердің құтыруы. Балаева Аида Ғалымқызы, көңіл аударып, президентке жеткізуіңізді талап етеміз!».
фото: azattyq.org
фото: azattyq.org

Алматылық қоғам белсендісі Жан Чингизов facebook парақшасында бүгіндікке Іле ауданының Ащыбұлақ ауылдық округіндегі саяжай тұрғындарына билік тарапынан әлеуметтік көмек көрсетілмей жатқанын үсті-үстіне төпелеп жазуда. Оның желіге жүктеген видеосынан шыдамы таусылған жұрттың карантин кезіндегі сақтық шараларын жасамай, округ әкімінің кеңсесіне медициналық маскасыз жетіп барғандарын көруге болады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жазбасын «Алматы облысының әкімі Баталов Амандық Ғаббасұлы мырза, не қарап отырсыздар? Әулие әкімдердің құтыруы. Балаева Аида Ғалымқызы, көңіл аударып, президентке жеткізуіңізді талап етеміз!» деп бастаған белсенді, Ащыбұлақ ауылдық округының әкіміне айрықша шүйлігуде.

«Алматы облысы, Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Кәрібаевтың жағдайы төмен, «карантиннің» кесірінен зардап шеккен халыққа «комиссия құрамыз, үйлерді тексереміз» дегені не сасқаны? Карантин жағдайында үйді аралау заңсыз әрекет емес пе? Әрбір азаматтың денсаулығы ойыншық па? Үкімет тарапынан миллиардтаған қаражат қайда бөлініп жатыр?

Біз екі жылда осы саяжайдың барлық тұрғындарының әлеуметтік картасын жасадық. Колл орталық халықтың денсаулығына қауіп төндірмей, ақпарат беру үшін керек еді осындай жағдайда.

Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылдық округі бойынша халыққа ақпарат беретін ешқандай маман жоқ. Карантин уақытында неге халық әкімдікке баруы керек? Қарапайым жұмысты ұйымдастыра алмаған әкімдерді кім тағайындап отыр? Әкімнің өзі маска киіп алып, жүздеген адамды маскасыз кабинетке жинап алуы – санитарлық қауіпсіздігі шарасын сақтамау», - дейді Жан Чингизов.

Оның пікірінше, тіреуі кім болса да осындай «әулие әкімдер» орындарын босатып, жауапқа тартылуы керек.

«Біліксіз, жұмыс жасай алмайтын әкімдер халықты шаршатты. Президент мырза, сөзіңізде тұрыңыз, істің уақыты келді. Жаңаша жұмыс жасайтын, халыққа жанашыр әкімдер керек. Халықтан жоғары - тек қана Халық!», - деп күйіп-пісті жазба авторы.

Әрине, «аттанға айқай қосуға» дайын отырған желі қолданушылар Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Алматы облысының әкімдігі бәрін тегтеп қойған бұл жазбаға да бірауыздан қолдау білдіруде. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары