Нұр-Сұлтан қаласында белсенділер Есіл өзені жағалауындағы шарбақтарға азық-түлік толы дорбаларды іліп қалдырып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл ретте, «Держись друг!» - «Шыда бауырым!» атты қайырымдылық акциясы аясында тұрғындар Кенесары хан ескерткішінің маңында жағдайы мүшкіл азаматтарға өз шама-шарықтарынша көмек қолын созған.
Әлеуметтік желілерге тарап жатқан бұл бастама туралы Динара Сейсен есімді желі қолданушы: «Астанада белгісіз біреу азық-түлік, антисептик және өзге де қажетті заттар салынған пакет қалдырып кеткен. Есіме бірден қала айналасындағы лашықтарды түсірдім. Еріксіз жылатады. Осындай сәтте Адам деген атты мақтанышпен айтқың келеді», - деп жазды facebook парақшасына.
Иә, әр дорбада ең қажетті деген тағам түрлері бар. Әрі «Шыда, бауырым!» деген жазба да мұқтаж жандардың жігерін жаныса керек.
Бұл туралы Instagram желісіндегі eto_astana_detka парақшасына да көпшілік «Алла разы болсын!», «Бұл – біздің адамдар, қазақстандықтар, мемлекетіміздің баға жетпес байлығы!», «Өте керемет! Ертең біз де өз үлесімізді қосуға барамыз» дегендей жүрекжарды жазбаларын қалдырып жатыр.