Елордада сауда орталықтарының бірінен дүкен жалдап отырған кәсіпкерлер дау шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Карантин кезінде нысан жабылып, саудасы тоқтаған жандар әр шаршы метрге алынатын төлемдер бойынша орталықтың әкімшілігімен ортақ байламға келе алмай отыр. Карантинге байланысты мұндағы азық-түлік пен дәріханадан басқа дүкеннің бәрі жабық. Саудамен күнелтіп жүрген 117 кәсіпкерлердің табысы шектеліп, шығынға батты. Бірақ, сауда орталығының әкімшілігі эксплуатациялық шығынды төлеуді талап етіп отыр.
Ақмарал Байтұрсынова, кәсіпкер:
«Наурыз айының жалдау ақысын айдың басында толығымен төледік. Бірақ, айдың аяғына дейін жұмыс істей алмадық. Маусымдық киім-кешек сатамын. Дәл сауданың қызар кезінде шығындалып жатырмыз. Енді сауда үйінің басшылығы эксплуатациялық шығындар үшін ақы сұрап жатыр. Шаршы метріне 2,5 мың теңгеден есептеледі. Сауда тоқтап, шығынға батып отырғанда, ондай ақшаны қайдан аламыз? Несие, қарыздарымыз бар. Үкіметтен жеке кәсіпкерлерге де көңіл бөлуін сұраймыз».
Юлия Пак, кәсіпкер:
«25 наурыздағы қаулы бойынша жалдау ақысын 3 айға шегерді. Бірақ, кеше сауда үйінің әкімшілігі эксплуатациялық шығынды төлеуді міндеттейтін хатпен таныстырды. Ол – жалдау құнының 27 процентіне тең. Біз мұндай қаржыны қайдан табамыз? Шу шығару емес, біздің жағдайымызға нысан әкімшілігі мен билік өкілдері назар аударса екен дейміз. Бұл жерде 7 жылдан бері сауда жасап келеміз. Енді қиын-қыстауда бет жыртысқымыз келмейді».
Әсем Сағындықова, кәсіпкер:
«Сауда жасап, пайда табуға біз де, сауда орталығының әкімшілігі де әлі үлгереміз. Бірақ, қазір адамгершілікті алға қойып, қиындыққа қарсы бірге күресер сәтте барлық жүктің бізге түскенін қаламаймыз. Онсыз да соңғы ақшамызды азық-түлікке жаратып жатырмыз. Енді коммуналдық шығындарды төлеуді ешбірінің жағдайы көтермейді. Қайдан шыққан баға екенін түсіне алмадық».
Ал сауда орны әкімшілігінің жағдайға қатысты өз уәжі бар. Олар шаршы метрі үшін алынатын жалдау ақысын үш айға шегеріп, шама-шарқынша көмек берген. Қазір тек нысанды күтіп ұстауға қажетті шығындарды бөліп төлеуді талап етіп отырмыз дейді. Өйткені, карантин кезінде орталықтағы азық-түлік дүкендері мен дәріхана жұмыс істейді. Сондықтан сауда орталығын толық жауап тастай алмайды.
«Мемлекет жалға беруші мен алушы арасындағы мәселені шешудің жаңа жолдарын ұсынды. Бірақ, несие төлеу мерзімін ешкім шегерген жоқ. Банк алдындағы қарыз бүгін берілуі керек болатын. Егер төлемесек, есепшотымыз бұғатталады. Мұны жалға алушылар түсінбей жатыр. Сауда орталығында азық-түлік дүкендері мен дәріхана бар. Онлайн саудаға көшкен кәсіпкерлер арасында дүкенге келіп, керек-жарағын алып кетеді. Яғни, нысан жұмыс істеп тұр. Тиісінше, мұндағы қызметшілер де жұмыс істейді. Оларға айлық төленеді. Осы шығындарды біз қайдан жабамыз?» - дейді сауда орталығының басшысы Юрий Северяков.