03.04.2020, 11:20

Нұр-Сұлтан қаласының орталығындағы 15 жер үйді су басты

Бас қаланың Байқоңыр ауданындағы көше тұрғындарының көктем сайын көретіні осы.

Қыс бойы толассыз жауған қармен алысқан елордалықтарды енді көктемде еріген қар суы әбігерге салуда. Су бас шаһардың шеткері ауданындағы 15 жер үйге кірген. Дүние-мүлкі бүлініп шығынға батқандар карантин кезінде далада жүр. Ашуға булыққан тұрғындар шенеуніктердің жайбасарлығына өкпелі, деп жазады КТК арнасына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қала тіршілігі тоқтағанымен, шақырайып тұрған күн сәулесінен қар асықпай еріп жатыр. Жаяу жүргіншіге де, көліктерге де еш қауіп жоқ. Ал елорда маңында тұратын тұрғындардың бірнеше күн мазасы кеткен. Олар коронавирус емес, аршылмаған қар суынан зардап көріп отыр. Бірнеше үй су астында қалды. Ал тұрғындар ағаш қойып амалдауда.  

Бас қаланың Байқоңыр ауданындағы көше тұрғындарының көктем сайын көретіні осы. Қыстай жиналып қалған қар суы, одан қалды түнделетіп жауған жаңбырдан үйлердің іші көлге айналған. Дүние-мүлік, тіпті нанның тілімі де су бетінде қалқып жүр.

"Ешқандай көмек жоқ. тым құрыса осылай көрейік те. Толқын жасасақ, әрі қарай су кететін шығар. Судың тұрғанына біраз болды. Масқара! 21-ші ғасыр, не деген сұмдық мынау! Үкіметтен көмек жоқ", - деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жанар Әбілдинова.

Осы үйде 14 жылдан бері тұратын Айман Амангелдіқызының баспанасы да суға толы. Шелектеп сыртқа төккенімен, сағат сайын қайта жиналып жатыр. Неше күннен бергі ылғалдан пеші жанбай қалған. Саманнан салынған үйдің бір бұрышы төмен түсіп кетіпті.

"Келген он жылдың ішінде 100 «КамАЗ» топырақ төктім, сонда да судың ішінде қаламыз. Көмек жоқ ешқандай, әкімдікке хабарластық, қыстай қарын алдыра алмаймыз. Жолдасым мүгедек. Ешқандай ол кісіден көмек жоқ. Жедел жәрдем шақырсам, ол да келе алмайды. Құжат өткізіп тұрамыз, жылына бір рет кім тұрады, кім тұрмайтынын айтамыз. Әкімдіктегілер біледі", - деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айман Амангелдіқызы.

Айманның «әкімдіктегілер біледі» деп тұрғаны, мұндағы үйлер заңсыз жер учаскесіне тұрғызылған. Аудан басшылығы сөйте тұра, жағдайларын ескеріп, жарық тартуға рұқсат беріпті. Тұтас бір көшенің кілкіген көлге айналуына әкімдік өкілі «заңсыз паналаған бұқара айыпты» дейді.

"Мынау үш бұрышта толығымен 45 үй орналасқан, 200 шақты адам өмір сүреді. Бірақ, үйлерді салу кезінде ешқандай құжаттары алынбаған. Сондықтан, үйлерді салу кезінде кісілермен биіктігі де аңғарылмаған. Рельефімен қараған кезде бұл үйлер төмен орналасып тұр. Төмен орналасқандықтан, судың барлығы осы жерден шығып жатыр", - деді Байқоңыр ауданы әкімдігінің бас инспекторы Дархан Сейітханов.

Тұрғындар апта бойы келтіре алмаған төтенше жағдай қызметі мен әкімдіктегілер телеарнаның келетінін естіген соң, бар техникасымен алып-ұшып дереу жетті. Бастапқыда су тартатын моторды пайдаланды. Оның күші жетпеген соң, құтқарушылардың көлігімен суды сорды. Ал судан келген шығынды кімнің өтері белгісіз. Байқоңыр ауданында тағы 11 аймақтың суға кету қаупі бар.

 

Тегтер: Су басу