10.04.2020, 17:00

«Қазақстанда жалпы ішкі өнім қысқарып, кедейшілік деңгейі артуы мүмкін» - Дүниежүзілік банк

фото: 24.kz
«Пандемияның кері әсері мен жаһандық экономикалық рецессия елдегі онсыз да әлсіз экономикалық өсімді тежемей қоймайды», - деп есептейді ДБ.

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі қысқарып, елдегі кедейшілік деңгейі артады. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің COVID-19 пандемиясына арналған есебінде айтылдЫ.

9-сәуір күні жарияланған Дүниежүзілік банк есебінде Қазақстан экономикасы өсімінің тежелуі мүмкін деп мәлімдеген. Нақтырақ айтсақ, алдағы уақытта Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 0,8 пайыз қысқаруы ықтимал.

Оның себебі - мұнай және өнеркәсіп тауарларына сыртқы сұраныстың төмендеуі мен COVID-19  пандемиясын тежеу жөніндегі шаралар, тұтыну сұранысы мен инвестицияның азаюы болып отыр.

«Пандемияның кері әсері мен жаһандық экономикалық рецессия елдегі онсыз да әлсіз экономикалық өсімді тежемей қоймайды», - деп есептейді ДБ.

Банк болжамы бойынша, коронавирус аймақтарға таралып, сыртқы экономикалық орта бұрынғыдан бетер құлдыраса, онда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2020 жылы 3 пайызға қысқаруы мүмкін. Бұл өз кезегінде елдегі кедейшілік деңгейін одан сайын арттырады. Ал, Қазақстандағы екі ірі мегаполис - Астана мен Алматыдағы карантиннің ұзаққа созылуы - елдің экономикасын тұралатады. Себебі, бұл екі қала мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің үштен бір бөлігінен астамын береді.

Дүниежүзілік банк есебінде Қазақстан билігі Ұлттық қорды қалай пайдаланатынын ашып айтпады, делінген. Алайда, мемлекет қазынасына салық кем түскен жағдайда, билік қосымша ресурстарды пайдалануы мүмкін. Ал, жуырда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев республикалық басылымдарда жарияланған мақаласында Ұлттық қорда 90 миллиард доллар бар екенін айтты.

«Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді», - деді Назарбаев.

Алайда, Дүниежүзілік банк мамандары бюджетті сырттан қарыз алу немесе Ұлттық қордан қосымша қаржы аудару арқылы толықтыруы мүмкін екенін айтыпты.

Естеріңізде болса, 2-сәуір күні Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов Қазақстан сыртқы нарықтардан шамамен 3 миллиард доллар қарыз алатынын мәлімдеді. 

Дереккөз: Abai.kz