18.04.2020, 23:43

«42 500 теңге алған әрбір адам да біз сияқты қуанған шығар» - алматылық тұрғын

Жаңалықтардан мен сияқты уақытша жұмыссыз қалған азаматтарға Үкімет жәрдемақы бергелі жатыр дегенді естіп, мен де өтініш жазып жібердім.

42500 теңгені алған алматылық тұрғындар Үкіметке ризашылығын білдіріп, жарыса пікір қалдыруда, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Серік ӘУЕЛБЕКОВ, алматылық тұрғын:

– «Шаңырақ» ықшамауданында тұрамын. Тіркеуім болса Талғар ауданында. Карантинге дейін қалада жұмыс істеп жүріп, шығып кеттім. Басқа жұмысқа кірмекші болып іздеп жүргенде карантин басталып кетті де, уақытша үйде отырып қалдым. Жаңалықтардан мен сияқты уақытша жұмыссыз қалған азаматтарға Үкімет жәрдемақы бергелі жатыр дегенді естіп, мен де өтініш жазып жібердім. Бірден жауап келіп, ақша түсті. Отбасылы адамдар үшін ең алдымен баланың қамын ойлайсың. Екі қызым бар. Солардың несібесі ғой, бір жағы. Көңіліміз көтеріліп қалды. 42 500 теңге алған әрбір адам да біз сияқты қуанған шығар. Аман-есен осы карантиннен шықсақ, екі қолға бір күрек табылып қалар. Осындай қиын шақта елдің амандығы мен саулығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген ел азаматтары мен дәрігерлерге күш-қуат берсін! Халқымыз аман болсын!