Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан тұрғын үй алаптарында газ тарату желілерінің құрылысы басталды. Магистраль газ құбырының монтажы аяқталу сатысында. Елорда әкімі Алтай Көлгінов желілерді жүргізу барысын тексерді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Елорда әкімі Алтай Көлгінов жұмыс қарқынын төмендетпеу қажеттігін атап өтті. Железодорожный елді мекенінде газ тарату желілерінің үштен бірі салынды. Сонымен бірге, жұмыстар Көктал-1, Көктал-2 және Агроқалашық тұрғын үй алаптарында жүргізіліп жатыр. Барлық жұмыстар кестеге сәйкес», - делінген хабарламада.
Қаланың өнеркәсіптік секторы мен елді мекендерді газдандыру 3 кезеңде өтеді: келесі жылыту маусымында Көктал-1, Көктал-2, Агрогородок, Промышленный, Железнодорожный елді мекендері газбен қамтылады.
Екінші кезеңде Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар (1-2 ІКҚ), Тельман (3 ІКҚ), Пригородный, Garden Village және Family Village (4 ІКҚ) елді мекендері қамтылады.
Үшінші кезеңде Ильинка (1-2-ші ІКҚ), Шұбар (3-ші ІКҚ), Өндіріс (4-ші ІКҚ) тұрғын үй алаптары газдандырылады.
Іске асыру мерзімі – 2020-2023 жылдар. Газ өткізу қаладағы зиянды қалдықтардың 6 есеге, қатты заттардың 40 мың тоннаға дейін азаюына мүмкіндік береді.