Жамбылдық шаруалар бүгін егістік басына жиналды. Олар өткен жылдан бері ала алмай жүрген еңбекақысын талап етті. Айтуларынша, биыл тәтті түбір егіп, оны өсіретін қалтада соқыр тиын қалмаған. Мәселені жергілікті биліктің 9 айдан бері шешіп бере алмай отырғанына наразы, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Амалы таусылған диқандар карантинге қарамастан егістік алаңына жиналып, мемлекет басшысына бейнеүндеу жолдады. Барар жер, басар тауы қалмаған диқандар басқа амалымыз жоқ дейді. Ал жергілікті билік бірінен соң бірі уәде төккенімен, қайыр болмай тұр деді базыналы топ.
Айтуларынша, шаруалар қант қызылшасын Меркі зауытына өткізгеннен кейін, келісім-шарт бойынша 90 күннің ішінде ақшаларын алуы тиіс болған. Алайда, одан бері тоғыз ай өтіпті.
«Өз маңдай терімізбен тапқан ақшамызды алып берулеріңізді сұраймыз. Облыс әкімі қазіргі уақытқа дейін біздің еңбекақымызды толық шешіп бере алмай отыр», - дейді олар.
Дала диқандары бұған дейін де жиналған еді. Ол кезде зауыт басшылығы мен жергілікті билік «барлық қарызды ақпан айының 5-нен кейін кезең-кезеңімен өтейміз » деп сендірген. Бірен-саранына беріп, қалғанына «күнде ертеңмен» таң атырып келеді дейді.
Айтылған уәде толық орындалмаған соң шаруалар облыс әкімінің есебіне келіп, шу көтерген еді. Одан да қайыр болмапты. Мәселені естіген ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы 15 мамырға дейін уақыт беруін сұрап отыр.
«Өз ойым бойынша, мамырдың 15-не дейін түгелімен жабады. Нақты жоспарымыз бар. Одан да ертерек болып қалуы мүмкін. Өйткені, мына коронавирусқа байланысты, несие беру мәселесін өздеріңіз де көріп отырмыздар ғой. Сол несиемен шешейін деп жатыр», - дейді Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев.
Меркі қант зауытына жыл сайын 200-ден астам диқан тәтті түбірін өткізіп келеді. Олар өткен жылы барлығы 126 мың тонна өнім жөнелткен. Айтуларынша, өндіріс ошағаның дәл қазіргі берешегі – 680 миллион теңге. Өкініштісі де сол, бұл жағдай жыл сайын қайталанады деседі.