23.04.2020, 15:20

«Адам ешқашан өзгермейді»: Мұхтар Тайжан халықты «алаяқ саясаткерлерден» сақ болуға шақырды

фото: total.kz
Ал бұрын бизнесте алаяқ болған адам саясатта да алаяқ болып қала береді. Бұны ұмытпаңыздар!

Экономика ғылымдарының кандитаты әрі қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан халыққа әдемі сөйлеген адамның сөзіне емес, ісіне баса назар аудару керектігін ескертті. Оның ойынша, "халық - сенгіш бала секілді" екен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Мұхтар Тайжанның facebook парақшасындағы жазбасына сілтеме жасап.  

Жігіттердің сөзінен гөрі, ісіне мән беретін қыздардың астына "көпшік төсеген" ол, "мен саясаткермін" деп айтқан кез келген адамның бұрынғы істеріне көңіл бөлу керектігін айтты. Қоғам белсендісінің пайымдауынша, әлгі бас көтеріп, ел алдында сөйлеген кісі кезінде халықтың басына бұлт үйірілгенде "аузын буған өгіз құсап отырса", ол адам "саясаткерлікке жарамайды" екен.

"Бұрынғы бизнес алаяқтар - бүгінгі таңда қоғамдық алаяқтарға айналды. Өкінішке орай, біз бала секілді сенгіш халықпыз. Әдемі сөйлеген адамға жылдам сеніп қаламыз. Ал біреу бізге кәмпит көрсетсе, тіпті, қуанып қаламыз.

Қыздар молодец! Олар жігіттің сөздеріне емес, ісіне қарайды. Біз де соған үйренуіміз керек. Халықтың алдына шыққан адамның әдемі сөзіне емес - бұрынғы істеріне қарау керек. Менде бір 100 пайыз ұтымды тест бар. Кез келген адам "мен саясаткермін" десе, ол адам халқымыз қиын жағдайға тап болғанда не істеді, тексеру керек?!

 Нақты айтқанда:

1. 2016 жылы Жер мәселесі ұрып тұрған кезінде не істеді?

2. 2011 жылы Жаңаөзен мен Шетпе қанды оқиғасы орын тапқан кезінде не істеді?

Өте қарапайым және нақты екі сұрақ. Егер ол адам о кездерде үндемей отырған болса, бұндай адам саясаткерлікке жарамайды. Не халыққа жан ашымайды, не жүрек жоқ. Келесі рет те үндемей қалады, халықты сатып кетеді.

Ал бұрын бизнесте алаяқ болған адам саясатта да алаяқ болып қала береді. Бұны ұмытпаңыздар! Адам ешқашан өзгермейді.

Сенгіш, момын халық болуға жетеді ғой. Сіздерді неше рет "саясаткерлер" алдады, жеткілікті емес пе? Уақыт, өмір өтіп бара жатыр ғой! Мен айтқан сұрақ-тестерді ұмытпаңыздар, "саясаткермін" дейтін кандидаттар үшін бұл 100% тиімді тест. Естеріңізде болсын!", - деді ол.