Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған алматылықтың бірі – Ләззат Садуақасова. Ол мемлекеттік мекемелердің бірінде тазалаушы болып жұмыс істейді. Кәмелет жасқа жетпеген төрт баласы бар ол төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге әлеуметтік көмекке өтініш берген, - деп хабарлайды Sn.kz.
Алдымен техникалық ақауларға тап болған ол біраз әуреленгенін жасырмайды. Дегенмен көп ұзамай техникалық ақаулар реттеліп, оның өтініші мақұлданыпты.
«Мұндай жағдайда ең бірінші қиналып қалатын біз сияқты қарапайым жұмысшылар. Тазалықтының азын аулақ еңбекақысының өзі күнкөрісімізге жетіп тұрған еді. Карантин кезінде жұмыссыз қалып, мемлекетіміздің қамқорлығын сезініп отырмыз. Берген өтінішім тез арада қаралып, балаларымның несібесіне 42 500 теңгені алдық. Бір айға жететін азы-түлік пен балаларыма дәрумендер алдым», - дейді Ләззат Садуақасова.
Бүкіл әлемді әуре-сарсаңға салған коронавирус індеті Қазақстанды да айналып өтпеді. Осы орайда елімізде Төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілді. Көптеген азаматтардың жұмысы уақытша тоқтап, әлеуметтік көмекке мұқтаж болды.
Сондай азаматтардың бірі – Төлеген Төрехан. Бұл азамат Алматы қаласының орталық базарларының бірінде саудамен айналысқан. Карантин кезінде базар жабылып, Төлегеннің отбасына кіретін кіріс көзі тоқтап қалыпты.
«Бәрінен бұрын мен сияқты базарда саудамен айналысатындарға қиын болды деп ойлаймын. Өйткені біз күнделікті ас-суымызды осы базардан ажыратып отыр едік. Базар жабылған соң, енді қайтеміз деп алағдап қалғанымыз рас. Алайда біздің мемлекетіміз елдің басты байлығы халқы екенін ескеріп отыр. Бізге тағайындалған 42 500 теңге әлеуметтік көмекті ала салысымен үйге азық-түлік, балаларыма дәрумендер алдым», - дейді Төлеген Төрехан.
Айта кетейік, Еңбек министрлігі 42 500 теңге мөлшеріндегі жәрдемақыны төтенше жағдай режимі кезінде екінші рет алу мүмкіндігі туралы хабарлады.
Қазақстандықтар 42 500 теңге жәрдемақыны екінші рет ала алады, өйткені төтенше жағдай режимі ұзартылды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Нариман Мұқышев мәлімдеген болатын.
«Біз 42 500 теңге табысынан айырылған қазақстандықтарға ай сайын беріледі деп айтқан едік. Әрине, төтенше жағдай ұзартылғаннан кейін азаматтар бұл төлемді екінші рет алады», - деді Мұқышев.