Алматы қаласында Төтенше жағдайға байланысты берілетін әлеуметтік көмек 42 500 теңгеге өтініш қабылдау жалғасып жатыр. Дәл бүгінгі күнге дейін төтенше жағдайдың екінші айында Алматы қаласы бойынша 42500 теңгені алуға ниетті 40 мыңнан астам адамнан өтініш түскен, - деп хабарлайды Sn.kz.
Алматы бойынша аталған жәрдемақыны 400 мыңнан астам адам алған. Бұл – 17,5 млрд теңге. Оның қатарында Бірыңғай жинақ төлемін төлеп өтініш беріп жатқандар да жетерлік.
«Екінші рет өтініш беруге болады. Бірақ БЖТ-ны төлегеннен кейін, арасында үш жұмыс күні өтуі керек. Себебі өзінің өтінішін беріп қойып, оның БЖТ-сы түспесе, бірден компьютер кері қайтаруы мүмкін», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева.
Ал алматылық Айбаршын Ержігітова үйде отырып, балаларға қосымша сабақ берумен айналысып, нәпақасын тауып жүрген. Сондықтан ол табысынан айырылған азаматтарға берілетін 42500 теңгені алуға өтініш берген.
«42500 теңгені алу үшін мен ең алдымен БЖТ төледім. Одан кейін бір күннен кейін БЖТ шотқа түскеннен кейін мен еңбек.кз порталы арқылы өтініш толтырып, ақпараттарды енгіздім. Содан кейін он күннің ішінде менің қолыма 42500 теңге түсті. Осындай қиын-қыстау кезінде қазақ халқына, қазақ еліне, өзінің барша азаматтарына көмек қолын созып жатқаны үшін мен шексіз ризамын», – деді қала тұрғыны Айбаршын Ержігітова.
Ал жауапты мамандар бірыңғай жиынтық төлемді төлеген адамдарға карантин біткеннен кейін ешқандай міндет жүктелмейтінін ескертті.
«42500 теңге әлеуметтік төлем төтенше жағдай кезінде ғана беріледі. Әлеуметтік жәрдемді алу үшін БЖТ-ны төлеуі керек. Бұдан ары қарай төлемеуге болады. Ал егер де кейін адам жұмыс тауып жатса, БЖТ міндеттеледі», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева.
Айта кетейік, бұған 42500 теңге алған азаматтарға бұл жәрдемақыны екінші рет алуы үшін қайта қаржы төлеп, арыз тастаудың қажеті жоқ. Ал Бірыңғай жиынтық төлемді төлесе де, бұл жәрдемақы тағайындалмаған азаматтардың ақшасы кейін қайтарылмайды.
Естеріңізге салайық, Алматы қаласы бойынша жәрдемақыға өтініш қабылдау әлі де жалғасып жатыр. Осы әлеуметтік төлемге байланысты сұрақтардың жауабын 1411 немесе 1414 нөмірлеріне хабарласу арқылы білуге болады.