Бүкіл әлемді әуре-сарсаңға салған коронавирус індеті Қазақстанды да айналып өтпеді. Наурыз айында жарияланған Төтенше жағдай сәуір айының соңына дейін қайта созылғаны белгілі. Алайда карантин кезінде еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан шаһарын дамыту жұмыстары тұралап қалмасы анық. Біз осы орайда Елорданы дамыту жоспары бойынша сәуір айында қандай жұмыстар атқарылғанына шолу жасап көрдік, - деп хабарлайды Sn.kz.
«Сәуір болмай тәуір болмас» деген. Нұр-Сұлтан қаласының көшелерін қыстан кейінгі жарықтандыру жұмыстары сәуір айында да жалғасты. Осы орайда Елордада жарық құрылымдарын тазалау, сырлау, жарықтандыру, жөндеу жұмыстары жалғасатыны белгілі болып отыр.
«Қысқы маусымнан кейін Қабанбай батыр, Ақмешіт көшелері бойынша кабель желілері жөнделіп, жарықтандыру бағандары ауыстырылды. Бүгінде Тұран даңғылына сыртқы жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл учаскеде 10-нан астам баған орнатылды», - дейді «Астана қалалық жарық» ЖШС-нің учаскелік шебері Мадияр Жүнісов.
Жалпы Есіл ауданында 30-ға жуық зақымдалған бағанды ауыстыруды жоспарланған. Ал елордадағы сыртқы жарықтандыру желілерінің ұзындығы 1500 километрді құрайды.
Сонымен қатар, қала әкімінің айтуынша, биыл Нұр-Сұлтан қаласында жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын 150 көше жөнделеді. Оның ішінде 50 көше қаланың орталық бөлігінде – қоғамдық көлік жүретін магистральды көшелер.
«150 көшенің 100-і тұрғын алаптарда. Мысалы, Өндіріс, Кирпичный, Көктал, Лесозавод. Жол жұмыстары барлық тұрғын алаптарда жүргізілетін болады. Біз биыл 21 нысанда жұмысты жалғастырамыз. Сондай-ақ Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жүргізіліп жатқан жұмыстар елорданың инженерлік және жол инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді. Биыл бізге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жақсы көмектесуде», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жол жөндеуге 12 млрд.теңге бөлінсе, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Бас қалада ең өзекті мәселенің бірі – тұрғындардың баспаналы болуы. Осы орайда қала әкімдігі биыл 8 мыңға жуық үлескер өз пәтерлерін алып, құжаттарын рәсімдей алатынын мәлімдеді. «Ақерке 2», «Баспана Көктал», «Зере 1» тұрғын үй кешендерінің құрылыс барысымен танысқан Алтай Көлгінов елордада құрылысы ұзаққа созылған нысандар саны 20 үйге азаятынын айтты.
«Құрылыс маусымын зая кетіріп алмау аса маңызды. Құрылысы созылып кеткен тұрғын үйлерді аяқтап, пәтер иелеріне кілттерін табыстау – басты міндеттердің бірі. Құрылыс сапалы болуы қажет. Аумақты абаттандыру керек», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар, қала әкімі биыл екі есе көп мектеп салынатынын атап өтті. Әкімнің айтуынша, 12 мектеп пайдалануға беріліп, тағы 12 мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
«Қазір үш ауысымда оқытып жатқан мектептер бар. Үш ауысымды оқыту мәселенін шешу үшін жылына кем дегенде 10 мектеп салу қажет. Биыл 12 мектеп және 2021 жылы тағы сонша мектеп салынады. Құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп, абаттандыру мәселелерін алдын ала шешу қажет. Құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде санитарлық нормалар қатаң сақталуы керек», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Айта кетейік, мектеп құрылысына жеке инвесторлар да қатысып жатыр. Кешенді жоспар аясында 5 жыл ішінде 60 мың орындық 50 мектеп (оның ішінде 10 мектеп қазіргі таңда жұмыс жасап тұрған мектептердің аумағында) салу жоспарланған. Бұл екі ауысымда 120 мыңға жуық оқушы орнын құруға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі бірқатар құрылыс нысандары мен жөндеудегі жолдарды аралап, жұмыс барысымен танысқан болатын. Елорда әкімі мердігер компаниялар мен құрылысшыларға ең бастысы сапа екенін ескертіп, барлық құрылыстың сапасы мен уақытында аяқталуын өз назарына алатынын ескертті.