$ 494.87  520.65  4.91

Тура үйге жеткізеді: Қырғызстанда мал саудасы онлайн түрінде жүре бастады

Карантин кезінде үй жануарларының тасымалына шектеу қойылмаған. Алайда, мұны тек бір облыс аумағында істеуге болады.

Қырғызстанда коронавирус індетіне байланысты, мал саудасы онлайн түрінде жүре бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді шаруалар үйден шықпай-ақ, малын өткізе алады. Халық пайдаланатын бүкіл мессенджерлерде осындай сауда жүретін чаттар ашылды. Онлайн базардан сиыр, жылқы, қой, ешкі және үй құсының түр-түрін сатып алуға болады.

«Мына бұзауды онлайн базардан сатып алдым. Бейне арқылы оның түрін маған көрсетті. Карантин басталғалы барлық базарлар жабылды. Осылай мал сатып алуға мүмкіндігіміз болғаны керемет», - дейді Тұрысбек Апиев деген азамат.

Сатып алынған малды тура үйге жеткізеді. Бұл тұста Үкімет жағынан кедергі жоқ. Карантин кезінде үй жануарларының тасымалына шектеу қойылмаған. Алайда, мұны тек бір облыс аумағында істеуге болады.

Жақында жергілікті ақпарат құралдары асыл тұқымды қой 7 мың долларға Қазақстанға сатылғанын жариялаған болатын. Алайда, Мемлекеттік шекара қызметі ел аумағынан мал шығаруға тыйым салынғанын мәлімдеді.

«Бүкіл сауда облыс аумағында жүреді. Төтенше жағдай енгізілгеннен бері Қырғыстаннан ірі қара мен малдың өзге түрі Қазақстанға шығарылған жоқ», - дейді Шекара қызметі қоғаммен байланыс басқармасының жетекшісі Гүлмира Борубаева.

Індетке дейін онлайн сауда тек ірі қалаларда өтетін. Осы жолмен қымбат тұратын сәйгүліктер немесе асыл тұқымды қойлар сатылған. Енді сауданың бұл түрі ауылдарда да қолданылатын болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары