Нұр-Сұлтанда соққыға жығылған төрт жастағы бала мен оның анасы елордадағы қонақ үйге орналастырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, қалалық Білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қамқоршылық және қорғаншылық органы ювеналдық полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, 4 жасар қызды ер адамның аяусыз ұрып-соғу фактісі бойынша істің мән-жайын тексерді. Нәтижесінде, балаға психологиялық көмек ұсынылды.
Іс материалдары Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның қарауында. Анасының танысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде ол уақытша оқшаулағышқа қамалған», - деп хабарлады қалалық Білім басқармасының баспасөз қызметінен.
Қамқоршылық және қорғаншылық органы «Право» қоғамдық қорымен бірлесіп, отбасына көмек көрсетіп жатыр. Қазір бала анасымен «Право» қоғамдық қоры жанындағы балалар қонақ үйіне орналастырылған. Балаға психологиялық және медициналық көмек көрсетілуде.
Еске сала кетсек, бұған дейін «Еуразия бірінші арнасы» елордадағы ер адамның 4 жастағы қыз баланы аяусыз ұрып-соққанын хабарлаған болатын. Телеарна ұсынған мәліметке сәйкес, 46 жастағы спортшы елордалық әйелмен кездесіп, үй болуды ойлап жүргенін айтқан. Тіпті, баласымен танысуға асық болған.
Айыпталушының айтуынша, «қыз өзі баспалдақтан құлап кеткен».
«Ол құлап кеткен жоқ. Баланың өзі оның таяқпен, қолмен ұрғанын айтып берді. Бұл сұмдықты көргенде сене алмадым. Ол аздай, полиция қызымды мен ұрды деп, өзімді кінәлай бастады», – дейді қыздың анасы Виктория.