Түркістан облысының Мақтарал ауданындағы біраз ауылдарды су баса бастағанда, ойпаттағы үйлерден сәл биігірек орналасқан бір мешіттің айналасы құрғақ болып тұрған. Әлдебіреу сол сәтте видеоға түсіріп ала қойған оны әлеуметтік желілерге «Алланың құдіреті» деп таратып жіберген, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әрине, еліміздегі исі мұсылман жамағатының желіде желік буып, жел сөз қуып отыратын, діни наным-сенімнен онша-мұнша хабары жоқ бөлігі сол бір видеоны бірінен-бірі іліп әкетіп, «тәубәларын танып» жатты. Тіпті, оны әлдебір әншінің парақшасынан көшіріп алып, сондағы пікірлерге сүйене салған кейбір ақпарат құралдары да «Алланың құдіреті» деп жазып жіберді.
Енді екінші тараптың уәжіне келейік. Телеарнадағы сюжеттен дәл сол мешіттің суға батып тұрған видеосынан скриншот жасаған журналист Арман Әубәкір facebook парақшасына: «Осы дінде өтірік айтқан күнә да, ал дінге адамдарды тарту үшін өтірік айтқан күнә емес екен» деп жазды.
Келесі әріптесіміз Думан Бақыткелді болса, аталған екі суретті қатар қойып: «Бірінші сурет Алланың құдіреті, екінші сурет Алланың сынағы ма сонда? Басқа ауылдардағы мешітті су алса, Алла құдіретсіз бола ма? Қаншама қазақтың үйі кетті, соны неге ойламаймыз? Жоқ, бізге тебірену керек! Алланың құдіреті мұнымен өлшенбейді ғой. Ағайындар, мешіттің қоршауы тұр, биікте орналасқан, тасқын уже басылған. Екіншісінде су бар. Просто, әр нәрседен тылсым ғажайыптар жасамайықшы», - деп қынжылыс білдірді.
Ал Тұрдыбек Құрметхан атты азамат: «Мешіт үйлері су астында қалған адамдармен ғана мешіт болып келген. Құлшылық ететін жерлерге (мешітке) біз зәруміз бе? Әлде, Құдай зәру ме? Сондай-ақ, құлшылық жасаушы пендесі болмаса, құлшылық жасар орынның кімге керегі бар? Алла хихметін сездіру үшін апат кезінде тек мешітті ғана сақтап қала ма?
Апат кезінде мешіт аман қалыпты, Алланың хихметін қара деп пәтуа шығарып жататындар көбейеді. Сонда табиғи апаттар мен адамдардың немқұрайлылығынан болған апаттардың бәрін Алла кінәлі-кінәсіз пенделерінің бәріне қасірет әкелу үшін әдейі жібере ме? Барлық пендені әдейі апатқа ұшыратып, мешітті сақтап қалудан Құдайға келері не? Бар айналасы қирап жатқанда, құлшылық етер пендесі болмаса, мешіттің аман қалуынан не қайыр?
Алла анығында пендесі мен мүлкін алаламаса керек. Сондықтан Аллаға тән емес болмыстарды таңып, Алланың хихметін тым төмендетіп, күнәлі болмай-ақ қояйық. Құдайдың құлдарына мешіт керек болса, мешітке де керегі – құдайдың құлдары. Оларды бір-бірнен ажыртудың ешкімге еш қайыры жоқ. Мешіттің сондағы үйлері су астында қалған адамдармен ғана мешіт болып келгенін ұмытпайық», - деп сөзінің тоқетерін бір-ақ қайырды.
Әрине, бұл ретте біздің көпшілік пікіріне өз тарапымыздан пәтуә шығарып, діни тұрғыдан бірдеңе алып-қосуға хақымыз жоқ. Тек тақырыбымызды белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының реті келгенде «Ислам діні ондай арзан пиарға зәру емес» деген бір ауыз сөзімен түйіндегенді жөн көрдік.
Себебі, әйгілі Торнадо мен Цунами апаттарынан да өмірлік жазға лайықтап тұрғызылған жеңіл-желпі баспаналар қирап, бетоннан салынған мешіттер ғана аман қалған-ды. Әрине, елдегі еңселі құлшылық орындарын салуға қыруар қаржы жұмсалатыны сөзсіз. Сондықтан дауыл да, су тасқыны да әлгі қалқиған қаңқалар мен бетон ғимараттың тек мұнараларын құлата алады. Бар болғаны сол.