12.05.2020, 04:30

Нұр-Сұлтан іргесіндегі Қаражар ауылының тұрғындары да блокбекеттің ашылмауына наразы

Нұр-Сұлтанның дәл іргесіндегі ауылда жарық, су, интернет мүлдем жоқ. Тұрғындары қалаға қатынап жұмыс істеп, күн көреді.

Кеше Алматының шетіндегі блокбекетте ауыл тұрғындары қалаға кіре алмай, біраз дүрлігіп алып еді. Cондай-ақ, Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Қаражар ауылының тұрғындары да блокбекетті ашуды, не өздерін Нұр-Сұлтанға кіргізуді талап етіп, астанаға кіреберіс жолды жауып тастады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Жеті баланың анасымын деген Қаражар тұрғыны Алма Боқашеваның айтуынша, Нұр-Сұлтанның дәл іргесіндегі ауылда жарық, су, интернет мүлдем жоқ. Тұрғындары қалаға қатынап жұмыс істеп, күн көреді.

«Балаларымыз осы карантин кесірінен қаңғып кетті. Табатыны – 65 мың теңге, пәтерге 65 мың теңге төлейді. Ал енді аштан қырылмағанда, халықтың не жағдайы қалды? Нұр-Сұлтанда жоғары билікте отырғандары осыны ойлай ма?» - дейді ол.

Оның сөзін қоштаған Гүлмира Нұрпейісова қалаға кіріп-шығу мәселесін шешпесе, ешқайда кетпейтінін, себебі, өзінің жұмыссыз қалу қаупі барын айтты.

Қалаға кіргізуді талап еткен жұртқа Целиноград ауданының әкімі Бақытбек Оспанбеков келіп, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен сөйлескенін, тізім жасалса, рұқсат берілетінін айтты. Бірақ, оған сенбеген ауыл тұрғындары тараудан бас тартып, екі сағаттай кетпей тұрып алды.

Наразы топты полицейлер мен арнайы жасақ бақылап тұрды. Қаражар ауылының әкімі болса, тұрғындарды ауыл пунктіне жиналып, тізімге тіркелуге шақырды. Күн астында тұрып шаршаған жұрт ақыры көніп, ауылдарына қарай кетті.

Еске сала кетсек, елде вирустың тарауына байланысты 16 наурыздан 11 мамырға дейін төтенше жағдай болды. Бұл – Қазақстан тарихындағы ұзаққа созылған алғашқы ТЖ режимі.