Бүгін баспсөз мәжілісін өткізген Жаңаөзе қаласының әкімі Елубай Әбілов қаланың кеңеюіне жағдайдың жоқ екенін айтты.
Айта кету керек, мұнай бағасы шарықтап тұрған шақта Жаңаөзенге жұмыс іздеп келушілердің саны еселеп артқан болатын. Көші-қон салдарынан қала халқының саны күрт өсті. Бұл өз кезегінде жаңа тұрғын үйлердің қажеттілігін туғызған еді. Алайда, қаланың даму жоспарында үй тұрғызу мәселесі мүлдем қарастырылмаған.
- Бізде шамамен 140 мың тұрғынға шақталған бас жоспар бар. Тұрғын үй салу үшін инфрақұрылым жүргізілген жер жоқ. Бас жоспарда жаңа үй салу мәселесі қарастырылмаған. Бізде ары кетсе 2-3 үй салуға ғана сметалық жоспар әзірленген. Бірақ ол баспана проблемасын шешпейді, - дейді Е.Әбілов.
Оның айтуынша, қалаға келушілердің саны соңғы уақытта күрт азайған. Дегенмен, туу көрсеткішінің өсуі жергілікті тұрғындар санының артуына алып келіп отыр. Қалада жыл сайын 4 мың бала туылады екен. Сондықтан, алдағы бірнеше жылдан кейін Жаңаөзенде баспана проблемасына жұмыссыздық мәселесі де қосылатын болады.
Жергілікті билік өкілдері қала тұрғындарына Ақтауға немесе мемлекеттік бағдарлама аясында солтүстік пен шығыс өңірлерге көшуге кеңес беруде. Алайда, туған жерін тастап ешкім кеткісі келмейтін көрінеді. Ал, облыс әкімдігі болса жағдай реттеледі деп күтіп отыра берудің қажеті жоқ екенін айтып отыр. Өйткені, мұнай компанияларындағы жұмыс орындары бірінен соң бірі қысқарып жатыр.