$ 494.87  520.65  4.91

Суы, газы, жолы жоқ, түркістандықтар қайтіп күн көрер?..

Инфрақұрылымның тартылу жайы туралы қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары мардымды жауап айта алмады.
фото: otyrar.kz
фото: otyrar.kz

Түркістанда өркениеттен жұрдай шағынаудан бар. Ауызсу, көгілдір отын тартылмай, жолы салынбаған елді мекен тұрғындары жергілікті билікке базынасын талай рет жеткізген. Бірақ, әкімдік міз бақпайтын көрінеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Қаладағы Бекзат Саттарханов атындағы басты көшеге жапсарлас орналасқан шағын ауданға 8 жыл бұрын көшіп келген Мұратбек Тұраров ауызсудың азабын тартып келе жатқанын айтады. Көрші-көлем бірігіп, өз күштерімен ұңғы қазып, суды құдықтан тартып ішіп отыр екен.

«Қазір құдығымыздың да суы тартылып жатыр. Өйткені, көгалдандыруға 500 метр сайын артезиан қазылған. Сол қосылған кезде, құдықта да су болмай, судан тарылып жатырмыз. Кернеулілік мүлдем жоқ, кешке сығырайып қалады», - дейді Мұратбек Тұраров.

Сусап отырған жұртты жолдың жайы да мазалайды. Ауа райы құрғақ кезде шаңы аспанға көтерілетін сүрлеулермен жауынды күні жүру тіпті мүмкін емес. Иленген балшық белуардан келеді. Бұл аумақта жарық та жоқ еді, электр бағандарын тұрғындар өздері жүргізіп алды.

«2008 жылдан бері әкімдік тарапынан жылда өтініш жазып барамыз. Қаралып жатыр, келесі жылдың бюджетіне саламыз деп қайтарады. Жылда сондай. 2020 жылы өтініш жазып барсақ, былтыр неге жазбадыңдар дейді», - деп отыр қала тұрғыны Ермек Сейдахметов.

Инфрақұрылымның тартылу жайы туралы қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары мардымды жауап айта алмады. 

«Жобаға сәйкес бір жарым миллиард теңге сумманы құрайды. Оны қаланың немесе облыстың бюджеті көтермейді. Сондықтан біз оны республикалық бюджетке ұсынамыз. Егер республикалық бюджеттен ағымдағы жылы қолдау тауып, қаржыландырса, құрылысын осы жылы бастаймыз. Немесе 2021 жылға қалдырса, келесі жылы құрылысын бастап, 100% ауызсумен және сапалы электр қуатымен қамтамасыз ететін боламыз», - дейді қалалық ТҮКШ бөлім басшысы Нұрсұлтан Жарасов.

Шағынауданға асфальт төселетін күн де белгісіз. Сала мамандары алдымен су құбыры тартылады, артынан жол төсеуге кірісеміз дейді. Сондықтан тұрғындарға тек сабырмен күту қалып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары