Алматыда жедел жәрдем жүргізушілері осылай наразылық білдірді. Қосалқы станцияда қызмет ететіндер бас кеңсенің бар былығын жайып салғаны үшін жаппай қудалауға ұшыраған көрінеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап.
Наразы топ: «Басшылық пандемияда уәде етілген үстеме ақыны толық төлемей, жалақыны да дұрыс есептеуден қалды» деп күйінеді.
Оған қоса, шұғыл медициналық көмекке жіберілетін көліктердің қайта-қайта бұзылуы жүргізушілердің бас ауруына айналыпты. Алматының жедел жәрдем жүргізушілері жанына батқан жағдайды айтуға жиналды.
«Шыдамның да шегі бар» деп шырылдағандар:
«Басшылық ауысқалы жалақы дұрыс есептелінбей, жұмыс уақыты еселенді» - деп ашынады.
Қауіп өтінде жүрміз деген наразы топ уәде етілген үстемақыны да толық алмағанын айтады.
"Бұрын аптасына 8 тәулік істесек, жалақы дұрыс берілетін. Қазір 8 тәулік істесек, «жіберілмейді» дейді. Науқстардың, фельдшерлердің өмірі жүргізушінің қолында. Неге қысқартып жатыр? Берген үстемақылары әр түрлі. Оны ешкім бізге түсіндіріп бермейді. Сонда жүргізушілердің еңбегі далаға кетейін деп тұр. Әрқайсысының бала-шағасы, несиесі бар",- деді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Мұрат Малаев.
«Мерекеде берілген сыйақыны мекеме басшылығы қайта сыпырып алады» - дейді жүргізушілер.
Ал медициналық көмекке шұғыл жету жүргізушілерге мұңға айналған. Өйткені арнайы көліктер жетіспейді, әрі әбден тозған. Одан қалса, қайта-қайта бұзылып, жиналғандардың қалтасына салмақ түсіреді екен.
"Көліктердің жалпы жағдайы жалынышты. Соның бәрін ақырындап айдап жүрміз. Ол бұзылған жағдайда, тұрып қаламыз. Тұрып қалсақ, уақытын төлемейді. Заң бойынша бөлшекті сатып алып беру керек. Бірақ біз екі-үш ай жатпау үшін өзіміз ақша жинап, сатып аламыз", - деді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Абылай Мұқан.
Бірақ жүргізушілердің айтқанын жедел жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы жоққа шығарды. Тіпті дүрсе қоя берді.
"34 пайыз жедел жәрдем бригадасы ескірген. Бірақ біз жыл сайын жаңартып жатырмыз. Көлік сайманын ешкім сатып алмайды. 2019 жылға дейінгі жағдайға жауап бермеймін. Ал одан кейін бәрі дұрыс. Сатып алыңдар деп кім айтты сендерге?! Жалған ақпараттың қажеті жоқ", - деді Алматы қаласы жедел жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Азамат Ықсанұлы.
Тағы оқи отырыңыз: Алматы базарында тапа-тал түсте атыс болды
Бар былықты жіпке тізіп, құзырлы министрлік пен Бас прокуратурға хат жазғандар енді «қудалауға түсеміз бе?» деп үрейленіп отыр. Тіпті домалақ арызға қол қойған жүргізушілерді қыспаққа алу басталып та кеткен көрінеді. Әділдік іздегендер жедел жәрдем қызметінің Алматыдағы бас кеңсесінде қызметтік тексеру жүргізілсін деген талап қойды. Ал бұл жанжалдың кесірі шұғыл медициналық көмекке зәру науқастарға тимесе игі.